Премьера: «Қара шекпен» шетелдік делегацияның назарына ұсынылады
2015 жылғы 23 ақпан 12:52

Премьера: «Қара шекпен» шетелдік делегацияның назарына ұсынылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Қара шекпен» атты әпсанаға құрылған спектакльдің премьерасы өтті.

Жаңа көркем дүние ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен сахналанды. Спектакль Алматы «Ислам мәдениетінің астанасы-2015» болып жариялануына байланысты ұйымдастырылған шарада шетелдік делегацияның назарына ұсынылады.

Оңтүстік Осетин жазушысы Георгий Хугаевтың эпикалық жанрдағы туындысын сахналау оңай болған жоқ, дейді режиссер Асхат Маемиров.

«Ойлана келе, әпсанаға тоқталдық. Себебі, біздің халықтардың бәрінде эпикалық жанр бар. Менің мақсатым - адамдарға «адамдық» дегеннің не екенін еске салу, санасына сілкініс жасау болды. Хайуанаттарды адамдар көзімен көрсете отырып, адами қасиеттерді паш етуге тырыстық. Тілін таптық деп ойлаймын. Келесі мәселе - формасы болды. Рационалды театр табиғатыма жақындату болды. Қоғамда қайшылық бар. Адамдар күш-қуаты, энергиясы, жігері, қайраты, ақылы бар кезде пайдалы. Кенет рухани тоқырауға ұшыраған кезде оны лақтырып тастауға тырысамыз. Материалдық культ сананы билеген кезде ар, ұят, тазалық, адалдық ұғымдары ешқашан мәнін жоғалтпауы тиіс. Онсыз елдің де келешегі жоқ. Осы қасиеттердің бәрін басты кейіпкер Тұзардың бойына біріктірдік. Қазақта арлан жігіт дейді ғой», - деді режиссер, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының доценті Асхат Маемиров.

Режиссер спектакльді сәтті қою бірден мүмкін болмағанын айтты. Бұрын ол «Қара шекпенді» бір рет сахналап, өз деңгейінде аша алмағанын айтты.

«Бұрын мен өз деңгейінде аша алмадым. Осы жолы актерлік әдістерді зерттеп кірістім. Шартты театрдың элементтері молынан кездесті. Байқасаңыз, минимализм басым. Актерлер де бірден еріп кете алмады. Бір айдай психологиялық тренинг жүргізіп жатып, үйрендік», - деді А.Маемиров.

Өткен демалыс күндері жаңа туынды ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедьяров пен бірнеше театр және өнер сыншыларының назарына ұсынылған болатын. Режиссерлік шешім мен актерлердің шеберлігі мамандар тарапынан жоғары бағаланды.

«Сылдырап өңкей келісім», деп Абай атамыз айтқандай музыкасы да, актерлік шеберлік те, режиссерлік шешім де, суретшілік қабілет те бір-бірімен жымдасып, үйлесіп тұр екен», - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, сыншы Әлия Бөпежанова.

Спектакль Алматы жұртшылығын да тәнті етті. Екі күн бойы театрдың лық толы залында ине шаншар жер болмады.

Ақпанның 24-25 күндері Алматыда «Алматы - 2015 жылғы Ислам мәдениетінің астанасы» атты ғылыми конференция өтеді.

Мәдени шара Білім, мәдениет, ғылым мәселелері бойынша Ислам ұйымының бастамасымен жүзеге асуда. Жылдың салтанатты ашылуынан соң 25 ақпанда Ресей, Қырғыз Республикасы, Малайзия мен Ираннан келген шетелдік мамандар Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Қара шекпен» әпсанасын тамашалап, бағасын бермек.

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT