2010 жылғы 14 мамыр 12:07

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасының Жамбыл облысында іске асырылу барысымен танысты

АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев пен Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов Жамбыл облысындағы іссапар барысында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасының іске асырылу барысымен танысты.

Бұл туралы аталған министрліктің баспасөз қызметінен хабарлады.

«2010-2012 жылдарға бекітілген бюджетте жобаны іске асыруға 499,0 млрд теңге қарастырылған, оның 119,2 млрд теңгесі биылғы жылы игерілуі тиіс», делінген баспасөз баянында.

Сонымен қатар ведомствоның мәліметтеріне сәйкес, 2009 жылы төрт қаржы институтымен жалпы сомасы 3 млн АҚШ доллар болатын займдар жөніндегі келісімдерге қол қойылған. Ал алғымдағы жылдың екінші жартысында Азия даму банкімен 3 транш бойынша сомасы 173 млн АҚШ доллар, Ислам даму банкімен 2 транш бойынша сомасы 224 млн АҚШ доллар және Жапон халықаралық ынтымақтастық агенттігімен сомасы 68,3 млн. АҚШ доллар болатын займдар жөнінде келісімдерге қол қою жоспарланған.

Өткен жылдан бастап, халықаралық қаржы институттары қаржыландырған учаскелер бойынша мердігерлік компанияларды анықтау бойынша конкурстық процедуралар өткізілуде. Бүгінгі күні ұзақтығы 967 шақырым учаскелер бойынша мердігерлер анықталды, осы жартыжылдықтың аяғына дейін 181 шақырым жолды қайта салу бойынша мердігерлермен келісімшартқа қол қойылады. Қалған 496 шақырымның конкурстық процедуралары жылдың аяғына дейін өткізіледі.

«Жамбыл облысындағы транзиттік дәліздің 480 шақырымы қайта салынады. Жолдың қазіргі жағдайын ескере отырып, жобаны іске асыру барысында 283 шақырым ұзақтықта цемент-бетон жамылғысы бар 4 жолақты I техникалық категориялы жол салу жоспарланған. 197 шақырымға II техникалық категориялы 2 жолақты қозғалысы бар жол салынады. Олар Тараз қаласы маңындағы 60 шақырымдық айналма жол, Қайнар - Қордай учаскесіндегі 45, Қордай поселкесін айналып өтетін жолдың 76 және Қырғызстан шекарасына баратын жолдың 16 шақырымы», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, қарама-қарсы қозғалысты бөлетін доңғалақ тойтарғыш білеулерді орнату, елді мекендер арқылы өтетін учаскелер мен жол айырықтарын жарықтандыру және Күйік, Машат және Қордай асуларын айналып өтетін жолдарды салу жоспарланған. Осыған қоса, Камышановка және Степное ауылдары маңындағы мемлекеттік шекараны басып өтетін жолдарды Қырғыз Республикасы аймағын айналып өтетіндей етіп салу көзделген.

Бүгінгі күні Азия даму банкінің бірінші траншы және Ислам даму банкі қаржыландыратын жалпы ұзындығы 184 шақырым учаскелерде құрылыс жұмыстарын жүргізуге келісімшарт жасалып, 7,48 млрд теңге көлемінде аванстар төленген.

Бүгінгі таңда облыс бойынша 839 техника жол жұмыстарына жұмылдырылған. Жұмысқа алынған 3558 адамның 1957-і облыс тұрғындары.

Сондай-ақ... оқыңыз

Jańalyqtar

MURAǴAT