Премьер-Министр: Жұмыс орындарын сақтау бойынша қадамдарды жалғастыру керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин әкімдіктерге макрокөрсеткіштің өсу қарқынын төмендетпеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«7 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 2,7 пайызға жеделдеді. Өсудің негізгі драйвері – экономиканың нақты секторы. Өсімнің тұрақты серпіні өнеркәсіптегі, құрылыстағы, сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы қарқынды өсім қамтамасыз етті. Өнеркәсіптегі 2,5 пайыздық өсу өңдеу өнеркәсібіндегі өндірісті 5,9 пайызға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді. Өндіріс қарқынының өсуіне фармацевтика өндірісінің 38,9, машина жасаудың 22,7, оның ішінде автомобиль құрастырудың 34,7, локомотивтер мен вагондар жасаудың 37,7, мұнай өңдеудің 8, жеңіл өнеркәсіптің 5,4, азық-түлік өндірісінің 3,9 және химия өнеркәсібінің 1,9 пайызға өсуі әсер етті. Құрылыс саласында 11,1 және тұрғын үйді пайдалануға бердің 10,3 пайыз жоғары өсу қарқыны байқалады», - деді А. Мамин.

Оның айтуынша, шектеу шараларының сақталып отырғанына қарамастан, 7 айдың қорытындысы бойынша сауда мен байланыстағы оң өсу есебінен қызмет көрсету саласында өсу қарқыны жақсарып, 2 пайызды құрады. Мал шаруашылығындағы орнықты өсу есебінен ауыл шаруашылығында 2,4 пайыз деңгейінде тұрақты өсу қарқыны байқалады.

«Негізгі капиталға салынатын инвестициялардың қалыпқа келу деңгейі жоғары екенін атап өткен жөн. Тау-кен өндірісін ескермегенде, бұл көрсеткіш 7 айда 18,3 пайызға өсті. Атап айтқанда, негізгі капиталға салынатын инвестициялардың жоғары үлесі құрылыста, өңдеу өнеркәсібінде, ақпарат пен байланыста, ауыл шаруашылығында және саудада», - деді Үкімет басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша барлық негізгі 7 макрокөрсеткіш бойынша өсім - Алматы, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында және Шымкент қаласында байқалды. 6 негізгі көрсеткіш бойынша өсім тоғыз өңірде: Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан,Түркістан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы. 5 көрсеткіш бойынша оң динамика үш өңірде байқалады. Ол - Атырау, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы. Ең төменгі көрсеткіштер Батыс Қазақстан облысында.

«Әкімдіктер осы өсу қарқынын төмендетпеуге тиіс. Өсу серпінін сақтау үшін экономиканы әртараптандыру, инвестициялар тарту және жұмыс орындарын сақтау бойынша жұмысты жалғастыру қажет», - деді А. Мамин.


Соңғы жаңалықтар