Премьер-Министр тұрғындар мәселесін шешуде төмен көрсеткіштері бар облыстарды атады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Халықпен кездесу өткізбеген министрлік басшыларының қандай да бір сылтау айтуы орынсыз. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Цифрлық даму, Еңбек, Энергетика және Төтенше жағдайлар министрліктері халықпен кездесулерді алдын-ала хабардар ете отырып, сапалы ұйымдастырды. Қорытындысы туралы арнайы брифингтер өткізді. Сонымен қатар кейбір министрлік басшылары жоспарланған 15 кездесуді өткізген жоқ. Мәселен, Индустрия министрлігі екі облыста кездесу өткізген жоқ. Энергетика және Ішкі істер министрліктерінде де осындай жағдай. Бұл жерде қандай да бір сылтау айту орынсыз. Ешқандай себеп қабылданбайды», - деді Ә. Смайылов.

Осы орайда Үкімет басшысы жоспарланған барлық кездесуді өткізу керек екенін айтты.

«Оған вице-министрлерді де тарту қажет. Бұл азаматтарды көбірек қабылдауға мүмкіндік береді. «Әкім бол – халқыңа жақын бол» дейді. Бізге ашық және нақты байланыс қажет. Халық үніне құлақ асатын мемлекет үшін мұндай іс-шаралар халықпен қарым-қатынастың маңызды құралына айналуы тиіс. Ел ішінде әкімдердің кездесулерін асыға күтеді, өйткені сұрақтардың көпшілігі жергілікті жерлерге қатысты. Сондықтан, олар жаңа форматта өткізіліп жатыр. Яғни, әкімнің өзі аудандарға жиі шығып, халықпен кездесіп тұратын болады. Бұл қатысушылар санын айтарлықтай арттырып, көп мәселені шешуге мүмкіндік береді. Есептерге қарасақ, әкімдермен кездесулерде проблемалардың шамамен 99 пайызы шешімін табады», - деді Премьер-Министр.

Осы орайда Ә.Смайылов Ақтөбе, Қостанай облыстары мен Алматы қаласындағы оң тәжірибені атап өтті.

«Ал, Алматы, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында тұрғындардың проблемасын шешу көрсеткіштері әлі де төмен», - деді Үкімет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкіметте орталық органдар басшыларының халықпен кездесу қорытындылары жарияланды.

2022 жылы барлық деңгейдегі әкімдер халықпен 28,3 мың кездесу өткізді.


Фото: primeminister.kz

Соңғы жаңалықтар