Премьер-Министр «Самұрық-Қазына» қорындағы компаниялардың қызметін реформалауды тапсырды
2022 жылғы 12 қаңтар 10:08

Премьер-Министр «Самұрық-Қазына» қорындағы компаниялардың қызметін реформалауды тапсырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» қорындағы компаниялардың қызметін реформалауды тапсырды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

«Индустрия министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен және салалық министрліктермен бірлесіп бір ай мерзімде өңдеу өнеркәсібі саласының талдау деректері негізінде бәсекеге қабілетті салалардағы жобалар пулын дайындасын», - деді Үкімет басшысы.

Ал «Самұрық-Қазына» қорының жұмысын реттеу үшін Ұлттық экономика министрлігі мен Стратегиялық жоспарлау агенттігіне, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына нақты ұсыныс енгізу қажет.

«Ұлттық экономика министрі мүдделі мемлекеттік органдармен, Стратегиялық жоспарлау агенттігімен, «Самұрық-Қазына» қорымен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірге қор компаниялары қызметінің тиімділігіне талдау жүргізіп, оны реформалау үшін нақты ұсыныстар дайындасын», - деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, ол Үкімет отырысында утилизациялық алым мәселесін реттеуді 3 министрлікке жүктеді.

«Нақты сектор бойынша мынадай міндеттер тұр. Бірінші, утилизациялық алым мәселесі бойынша Экология, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерімен, басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, нақты іске асыру механизмдері мен тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырамын», - деді Үкімет басшысы.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT