Премьер-Министр: Мемлекет жастарға ерекше көңіл бөліп отыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Үкімет отырысында 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі жастарды жүйелі түрде қолдау болып табылады. Сондықтан мемлекеттік жастар саясатының жаңа тұжырымдамасын қабылдау өте маңызды. Ең алдымен, жастарды жұмысқа орналастырудың жүйелі тәсілі қажет. Тұжырымдамада 2,3 млн-ға жуық жастарды жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл – өте маңызды аспект, оны барынша тиімді жүзеге асыру керек», - деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Премьер-Министр жастарға арналған жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға мемлекет ерекше көңіл бөліп отырғанын айтты.

«Жастардың мұндай бағдарламаларға қатысуын кеңейту NEET санатындағы жұмыс істемейтіндер мен оқымайтындардың санын азайтуға ықпал етеді. Елдегі мұндай жастардың үлесі 6%-тен асады. Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында NEET көрсеткіштері ең жоғары. Тұжырымдамада республика бойынша осындай жастардың үлесін 3,5%-ке дейін төмендету міндеті қойылған. Бірақ бұл үшін «шаблонмен» жұмыс істеуге болмайды. Әр өңірдегі жастармен жұмыс істеу ерекшелігіне барынша икемделу қажет», - деді Ә. Смайылов.

Сонымен қатар Премьер жастарды қолдау шараларын жақсарту, кәсіпкерлікке тарту, өз кәсібін бастауға көмектесу үшін үзбей жұмыс істеу керегін айтты.

«Осыған байланысты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ақпараттық жұмысты күшейтуі керек. Жастарымыздың әрқайсысына, әсіресе ауылдардағы және NEET санатындағы жастарға көңіл бөлу қажет. Әркім табысқа қол жеткізу, жұмысқа орналасу, кәсіптік деңгейін көтеру мүмкіндігін сезіне білуі керек. Әкімдіктермен бірлесіп, жастар ресурстық орталықтарының қызметін сапалы үйлестіру керек. Орталықтардың басшыларына нақты міндеттер мен KPI бекіту қажет.

Үшіншіден, қазір волонтерлер қозғалысы айтарлықтай жанданды. Волонтерлерді тарту аясын кеңейтіп, жаңа жобалар мен акцияларды іске қосқан жөн. Жастарды адамгершілік және патриоттық рухта тәрбиелеуге, спорт пен саламатты өмір салтын насихаттауға ерекше назар аудару қажет», - деді Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар