Премьер-Министр кеңсесінде құжаттарды қарау мерзімі екі есе қысқарады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент бүгін қол қойған «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлық бойынша Премьер-Министр Кеңсесінде құжаттарды қарау мерзімі екі есе қысқаратын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарлық бойынша, бұл шараның іске асуына екі ай мерзім беріліп отыр.

«Премьер-Министр Кеңсесінде құжаттарды қарау мерзімдерінің екі есеге қысқартылуын қамтамасыз етсін» деп жазылған Жарлықта.

Сонымен қатар, актілердің жобаларын және кеңестердің хаттамаларын, сұрау салулар мен тапсырмаларды қарау құзыретіне тікелей кірмейтін мемлекеттік органдарға оларды жіберуге, осындай құжаттарды қараусыз қайтару мүмкіндігін бере отырып, тыйым салынбақ.

Ал мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының ұйымдастырушылық-техникалық сипаттағы құжаттарға қол қою, сондай-ақ ведомствоаралық кеңестерге қатысу және онда мемлекеттік органның ұстанымын білдіру құқығын мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің жекелеген басшыларына беріледі.

Ал мемлекеттік органның бірінші басшысының міндетін атқарушының қолымен бұдан бұрын енгізілген хат-хабарға бірінші басшысының қайтадан қол қоюы және Премьер-Министр Кеңсесіне енгізу жөніндегі талаптың алып тасталатын болды.

Құжат бойынша, орталық мемлекеттік органға жаңа бірінші басшы тағайындалған кезде нормативтік құқықтық актінің жобасын қайта келісуге тыйым салынады.

«Үкімет отырыстары мен Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші органдар отырыстарының, сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасарлары мен Премьер-Министр Кеңсесі басшылығының басқаруымен өткен кеңестердің хаттамаларын қатысқан мемлекеттік органдармен келісу қажеттілігін жоя отырып, оларға қол қою мерзімінің үш күнге дейін қысқартылуын қамтамасыз ете отырып, қайта қарасын», - делінген Жарлықта.

Еске салсақ,бүгін Президент мемлекеттік аппараттың жұмысын бюрократиядан арылту туралы Жарлыққа қол қойды.


Соңғы жаңалықтар