Премьер-Министр халықты жұмыспен қамту бойынша бірқатар тапсырма жүктеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында жұмыспен қамту шараларын талқылау кезінде Премьер-Министр Асқар Мамин бірқатар тапсырма жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, төрт өңірде жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асырудың серпіні оң екенін атап өту қажет. Бұл тұрғыда Шымкент қаласында, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары бар. Ең төменгі көрсеткіштер - Батыс Қазақстан облысында», - деді Үкімет басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, Батыс Қазақстан облысында микрокредит беру - 28,6 пайыз, жастар тәжірибесі – 37,7 пайыз, жобаларға бөлінген қаржыны игеру – 58,9 пайыз және тұрақты жұмыс орындарын құру 25,8 пайыз деңгейінде.

«Жыл соңына дейін төрт ай ғана қалды. Әкімдіктер бағдарламаларды іске асыру жұмыстарын жандандыруы қажет. Қазіргі жағдайда бірінші кезектегі міндет – бұл азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету. Қажетті ресурстар бөлінген, барлық құралдар бар. Сондықтан еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуміз керек», - деді А. Мамин.

Премьер-Министр Еңбек министрлігіне барлық мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, қаражаттың торлық игерілуін әрі мемлекеттік бағдарламаларда қарастырылған іс-шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар, Электрондық еңбек биржасының бизнес-процестерін оңтайландыру, жұмыспен қамту шараларын дамыту жөніндегі қадамдарды қабылдауды жүктеді.

«Жұмыспен қамтудың жоспарланған индикаторларына қол жеткізіп, тұрақты жұмыс орындарын құруға ерекше назар аудару қажет. Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктері «Атамекен» ҰКП және әкімдіктермен бірлесіп, бизнес бастамаларды дамыту әрі қолдау бойынша жұмысты қарқынды түрде жүргізсін»,– деді Асқар Мамин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жылдың соңына дейін 1 млн 220 адамға еңбекпен қамту бойынша қолдау көрсетілетін болады.


Соңғы жаңалықтар