Премьер-Министр: Халықты сапалы көмірмен қамтамасыз етуге әкімдері тікелей жауапты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев көмірдің ішкі нарығында өткен жылғыдай жағдайға жол бермеудің амалдарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы, жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүріп жатыр, дегенмен қатар бұл бағыттағы шараларды жеделдету қажет. Әлеуметтік сала нысандары мен тұрғын үйлерді жылумен, энергиямен уақытылы әрі сапалы қамтамасыз етуге әкімдер жауапты екенін тағы да еске саламын. Тұтынушыларды көмірмен қамтамасыз етуді мәселесін ерекше назарға алу керек», - деді Премьер-Министр Үкімет отырысында.

Осы орайда Б. Сағынтаев Үкімет тарапынан ішкі нарықты көмірмен үздіксіз жабдықтау үшін барлық қажетті шаралар қабылданғанын, сондай-ақ вагон тапшылығы бойынша мәселелер толығымен шешілгенін атап өтті.

«Бүгінгі күні көмірді жөнелтуге қатысты проблема жоқ. Сондықтан халықты сапалы көмірмен қажетті көлемде уақытылы қамтамасыз етуде және оған баға белгілеу үшін өңірлердің әкімдері тікелей жауапты. Көмірдің ішкі нарығында өткен жылғыдай жағдайға жол бермеу үшін өңірлер әкімдері екі апта мерзімде көмірді даярлау мен сату бекеттерінің жай-күйіне, көмірді жеткізу кестелеріне, отын бағасының негізділігі мен сапасына тексеру жүргізуі керек. Қажет болған жағдайда бұл жұмысқа орталық мемлекеттік органдардың тиісті аумақтық бөлімшелері мен «Атамекен» ҰКП өкілдерін қатыстырылуы тиіс», - деп түйді Үкімет басшысы.

Осы орайда Бақытжан Сағынтаев бұл бағыттағы жұмыстарды бірінші орынбасары Асқар Маминге бақылауға алуды жүктеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек ел өңірлерін көмірмен қамтамасыз ету барасы жайында баяндады.

 

Соңғы жаңалықтар