Премьер-Министр халықпен кездесу өткізбеген министрліктерді сынады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында 2022 жылы орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесуінің тиісті қорытындылары қаралды. Осы орайда былтырғы тәжірибені негізге ала отырып, халықпен кездесуге қатысты жаңа ұсыныстар айтылды.

«Президент тапсырмасына сай жүзеге асырылып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының мәні мемлекеттік органдардың халықпен байланысын күшейту және азаматтардың сауалдары мен өтініштеріне жедел ден қою екені мәлім. Ел арасында халық министрліктері деп аталатын Еңбек, Оқу-ағарту, Ауыл шаруашылығы және Ұлттық экономика министрліктері сияқты өзге де мемлекеттік органдар ауқымды жұмыс жүктемелеріне қарамастан, тиімді қызмет атқарып келеді. Нақтырақ айтқанда, Мемлекет басшысының «Орталық атқарушы орган басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы мен Үкімет қаулысы аясында, азаматтардың мәселелерін шешуде әкімдіктерге елеулі қолдау көрсетіліп жатыр», - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Фото: primeminister.kz

Осы орайда ол министрлердің халықпен кездесуін талдау жұмыстарының қорытындысына тоқталды.

«Министрлердің өңірлердегі халықпен кездесуіндегі маңызды шаралар: кездесулерді жариялау, мәселелерді алдын ала жинақтау, брифингтер, азаматтарды жеке қабылдау, коммерциялық емес ұйымдармен кездесулер және проблемалар бойынша іс-қимыл жоспарын дайындау. Кейбір орталық атқарушы органдар аталған талаптарды толық сақтамағаны анықталып отыр. Көшпелі кездесулер аясында 2022 жылғы қорытынды бойынша, министрлер 216 жеке қабылдау өткізіп, 1498 азаматтың арыз-шағымын тыңдаған. Кездесуде 1679 мәселе көтеріліп, оның 1241-і немесе 74%-ы шешілді. Ал 438-і мемлекеттік органдардың орындауында. Аталған іс-шаралардың оң әсері мен нәтижелі болғанын атап өткіміз келеді», - деді министр.

Бұл тұрғыда ол Оқу-ағарту министрінің халықпен кездесу қорытындысы бойынша, мемлекеттік мектептерде оқушыларды тамақтандыру қағидаларына өзгерістер енгізілгенін айтты. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысында Ішкі істер министрінің кездесуі нәтижесінде жергілікті спорт мектебі «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының қамқорлығына алынды.

«Бұл ретте, азаматтар мен БАҚ министрлердің өңірлерге сапары жергілікті БАҚ-та кеңінен жарияланбайтынын, халықтың көбінесе хабарсыз қалатынын ескерген жөн. Кестеге сәйкес, 2022 жылы 227 кездесу жоспарланған, оның 55-і бірінші жартыжылдыққа, 172-сі екінші жартыжылдыққа межеленген. Нәтижесінде, былтыр (мамыр-желтоқсан кезеңінде) барлығы 212 кездесу өткізілді. Министрлердің халықпен кездесулеріне жүргізілген салыстырмалы талдау жұмыстары екінші жартыжылдықта кездесу қарқыны 2,3 есе өскенін көрсетті. Жалпы халықпен кездесу өткізуге вице-министрлерді де тарту кестеде көрсетілген міндеттерді 1 айға жетпейтін уақытта атқаруға мүмкіндік берді», - деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар Д. Қыдырәлі мемлекеттік органдардың ашықтығын бағалау әдістемесіне «Халықпен кездесу» атты жаңа индикатор енгізілгенін айтты.

Бұдан бөлек министр былтырғы тәжірибені негізге ала отырып, халықпен кездесу жайында бірнеше ұсынысты ортаға салды.

«Біріншіден, мәдениет үйлерінде және Орталық коммуникациялар қызметінің алаңдарында ғана халықпен кездесумен шектелмей, азаматтардың өтініштерінде көрсетілген проблемалық мекенжайларға барып, жағдайды көзбен көрген абзал деген ойдамыз. Екіншіден, министрлердің өңірлерге сапарын тек орталық атқарушы органдардың сайттарында ғана емес, жергілікті деңгейде, әсіресе өңірлік БАҚ-та және әлеуметтік желілердегі танымал парақшаларда жиі жариялауды қамтамасыз еткен жөн. Үшіншіден, Үкімет қаулысымен бекітілген Кесте министрлердің ғана халықпен кездесулерін реттейді. Жарлық талаптарына сәйкес, министрлермен қатар, вице-министрлер мен ведомство төрағаларының да өңірлерге шығуы қажет деген ойдамыз. Сондықтан мемлекеттік органдар вице-министрлер мен комитет төрағаларының кездесулері жөніндегі ведомстволық жоспарларды бекітіп, министрлердің кездесулерімен қатар, АҚДМ-ге әрбір кездесу бойынша есеп бергені дұрыс деген ойдамыз», - деді Дархан Қыдырәлі.

2022 жылы әкімдер халықпен 28,3 мың кездесу өткізді

БүгінҮкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2022 жылғы екінші жартыжылдықта әкімдер халықпен 19,8 мыңға жуық кездесу өткізгенін айтты.

Олардың барысында тұрғындар әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым нысандарын салу, экология жағдайы, жолдарды жөндеу, жер мәселелері және тағы басқа сұрақтар бойынша 33,4 мыңнан астам мәселе көтеріп, өз ұсыныстарын айтты.

Оның сөзіне қарағанда, кездесулердің нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар 33,1 мың мәселенің шешімін тапты. Халық көтерген проблемаларды шешу үшін жергілікті бюджеттен 485 млрд теңге қажет. Керек қаржының 253,8 млрд теңгесі немесе 52,3 пайызы бөлінді.

«Әкімдіктер орталық атқарушы органдар, ұлттық холдингтер және компаниялар деңгейінде шешілетін мәселелердің тізімін қалыптастырды. Бұл тізім 62 мәселені қамтып тұр. Олардың басым бөлігі республикалық бюджеттен қаражат бөлуді қажет етеді», - деді министр.

Осы орайда ол аталған тізімде қамтылған тақырыптарға қатысты егжей-тегжейлі талдау жасалғанын айтты.

«Өңірлерде көтерілген 10 мәселе бойынша қажетті құжаттама дайын емес. Тағы 5 мәселені шешуге республикалық бюджетте 20,2 млрд теңге қарастырылған. 13 мәселеге қатысты 61,2 млрд теңге сомасында қаражат бөлу мүмкіндігі 2023 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде қаралатын болады. 14 мәселені шешу бойынша жұмысты мемлекеттік органдар атқарып жатыр. 18 мәселенің шешімі жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. Сондықтан, оларға орталық мемлекеттік органдар қолдау жасамады. Бұдан бөлек, 2 мәселе бойынша мемлекеттік органдар тиісті шешім жасады», - деді Ә. Қуантыров.

Фото: primeminister.kz

Талдау нәтижесінде, орталық мемлекеттік органдар деңгейінде шешуді талап ететін 6 мәселе іріктеліп алынды. Сонымен қатар, 2022 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша орталық деңгейде шешуді талап ететін 14 мәселе анықталды. Оның ішінде бесеуінің шешімі орындалып, 6 мәселеге қатысты мемлекеттік органдар қолдамады. Шешімі ұзақ мерзімді талап ететін 3 мәселе қарастырылып жатыр.

«Жалпы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі әкімдер халықпен 28,3 мың кездесу өткізді. Онда 63 мың мәселенің басы ашылып, 47,6 мыңы шешімін тапты. Бұл көрсеткішін 75,5 пайызды құрады», - деді министр.

Өңірлерде көтерілген мәселелерді шешу бойынша жоғары көрсеткіш келесі облыстарда байқалды:

- Ақтөбе облысы – 94,7%;

- Қостанай облысы – 93%;

- Алматы қаласы – 92,8%.

Ал төмен көрсеткіштер:

- Алматы облысында. Бұнда мәселелердің тек 28,5% ғана шешілді;

- Батыс-Қазақстан облысында. Көтерілген мәселердің 50,5% шешілді;

- Атырау облысында. Мұнда мәселелердің 54,5% шешілді.

Тұрғындар мәселесін елемеген өңірлер бар

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов өңірлердегі проблемаларды шешу бойынша Іс-қимыл жоспарларына енгізілген мәселелерді уақытылы орындауды тапсырды.

«Мемлекет басшысы министрлердің және әкімдердің халықпен кездесулерінде жиі көтерілетін мәселелерге жүйелі түрде мониторинг жүргізуді тапсырды. Сондықтан, халықпен қарым-қатынас жасаудың жаңа форматына көшіп, оларды толғандыратын мәселелерді шұғыл шешудің нақты алгоритмдерін әзірлеу қажет. Мониторинг көптеген сұрақтардың жыл сайын қайталанатынын көрсетті, яғни оларды түпкілікті шешу керек», - деді Ә. Смайылов.

Фото: primeminister.kz

Оның пайымынша, Цифрлық даму, Еңбек, Энергетика және Төтенше жағдайлар министрліктері халықпен кездесулерді алдын-ала хабардар ете отырып, сапалы ұйымдастырды. Қорытындысы туралы арнайы брифингтер өткізді.

«Сонымен қатар кейбір министрлік басшылары жоспарланған 15 кездесуді өткізген жоқ. Мәселен, Индустрия министрлігі екі облыста кездесу өткізген жоқ. Энергетика және Ішкі істер министрліктерінде де осындай жағдай. Бұл жерде қандай да бір сылтау айту орынсыз. Ешқандай себеп қабылданбайды», - деді Ә. Смайылов.

Осы орайда Үкімет басшысы жоспарланған барлық кездесуді өткізу керек екенін айтты.

«Оған вице-министрлерді де тарту қажет. Бұл азаматтарды көбірек қабылдауға мүмкіндік береді. «Әкім бол – халқыңа жақын бол» дейді. Бізге ашық және нақты байланыс қажет. Халық үніне құлақ асатын мемлекет үшін мұндай іс-шаралар халықпен қарым-қатынастың маңызды құралына айналуы тиіс. Ел ішінде әкімдердің кездесулерін асыға күтеді, өйткені сұрақтардың көпшілігі жергілікті жерлерге қатысты. Сондықтан, олар жаңа форматта өткізіліп жатыр. Яғни, әкімнің өзі аудандарға жиі шығып, халықпен кездесіп тұратын болады. Бұл қатысушылар санын айтарлықтай арттырып, көп мәселені шешуге мүмкіндік береді. Есептерге қарасақ, әкімдермен кездесулерде проблемалардың шамамен 99 пайызы шешімін табады», - деді Премьер-Министр.

Бұл ртте Ә.Смайылов Ақтөбе, Қостанай облыстары мен Алматы қаласындағы оң тәжірибені атап өтті.

«Ал, Алматы, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында тұрғындардың проблемасын шешу көрсеткіштері әлі де төмен», - деді Үкімет басшысы.

Мұнымен қоса, Премьер-Министр биылдан бастап мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігі «Халықпен кездесу» индикаторы бойынша бағаланатынын айтты. Осыған қарап, олардың жұмысының нәтижесін көрсетуге болады.

«Сонымен қатар, «е-Өтініш» ақпараттық жүйесіне келіп түсетін азаматтардың арыздарына қарайтын болсақ, басқаша жағдай қалыптасып отыр. 2022 жылы осы жүйе арқылы 1 млн 700 мыңнан астам адам өтініш берді және қаралды. Оның 82 пайызы жергілікті атқарушы органдарға тиесілі. Яғни, 2022 жылдың екінші жартысында азаматтардың жергілікті билікке жолдаған арыздарының саны 16 пайызға артқан. Бұдан көтерілген проблемалардың бір бөлігі жергілікті жерлерде шешімін таппағанын көреміз. Сондықтан азаматтар өз мәселелерін «е-Өтініш» жүйесі арқылы шешуге мәжбүр болған», - деді Ә. Смайылов.

Үкімет басшысы Алматы және Астана қалаларында, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында шағымдар көп екенін айтты. Тұрғындар құрылыс, көлік және коммуникация, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және халыққа тұрмыстық қызмет көрсету мәселелері бойынша мемлекеттік органдар қабылдаған әкімшілік актілерге, олардың әрекетіне немесе әрекет етпеуіне қатысты көп шағым айтады.

«Сондықтан, әкімдіктер жергілікті жерлерде мәселелерді шешудің тиімділігін арттыруы қажет. Сонда электронды жүйе арқылы арыздардың азайғанын көреміз», - деді Премьер-Министр.

Бұл тұрғыда ол министрлер мен әкімдер мәселелерді шұғыл шешуге назар аудара отырып, халықпен кездесулердің нәтижелілігін арттыруы керек екенін тапсырды. Әрбір орталық және жергілікті атқарушы органдар бойынша проблемалардың картасын әзірлеу қажет.

«Жоспарланған барлық кездесулер, олардың өтетіні туралы хабарландырулар, сондай-ақ шешімін тапқан мәселелер БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен жариялануы тиіс», - деді Әлихан Смайылов.

Фото: ortcom.kz

Басты фото: primeminister.kz


Соңғы жаңалықтар