Премьер-Министр: Бюджеттік бағдарламалардың қаражаты толық игерілмей отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бірқатар бюджеттік бағдарламаның әкімшілері бюджет қаражатын толығымен игермей отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірқатар бюджеттік бағдарламаның әкімшілері бюджет қаражатын толығымен игермей отыр. Осы бағытта жұмысты күшейту қажет және қаржыны уақытында игеруді қамтамасыз ету керек. Экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету қажеттілігін тағы да бір рет атап өткім келеді. Осы ретте қолда бар әлеуетті тиімді қолдану маңызды», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», Индустриалды-инновациялық даму және басқа да салалардағы мемлекеттік бағдарламалардың сапалы және толығымен орындалуын қамтамасыз ету керектігіне назар аудартты.

«Осы бағдарламалардың іске асырылуының нәтижесінде экономика дамуына серпін беріледі. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар экономика өсімінің қарқынын арттыруға барлық күш-жігерді жұмсауы керек. Әлихан Асханұлы, бұл мәселені бақылауда ұстаңыз», - деді Премьер-Министр өзінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайыловқа қарата айтқан сөзінде.

Соңғы жаңалықтар