Премьер-Министр: Бюджет қаражатын өз мақсатына пайдалану қажет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин 2020 жылғы қаңтар-тамыздағы ҚР әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылуы жөнінде тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Баяндамалардан байқап отырмыз, қабылданып жатқан шаралардың арқасында сегіз айдың қорытындысы бойынша экономиканың негізгі салаларында өсудің оң серпіні сақталып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде өсім 3,3 пайызға, оның ішінде машина жасауда – 16,3, тамақ өнімдерінің өндірісінде – 3,6, фармацевтикада – 34,1 пайызға, жеңіл өнеркәсіпте – 11, химия өнеркәсібінде – 3,1 және дайын металл бұйымдарының өндірісінде 18,8 пайызға өсім қамтамасыз етілді. Құрылыс көлемі 6,5 пайызға артты, тұрғын үйлердің 6,4 пайызы немесе шамамен 8,1 млн шаршы метр пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығында тұрақты өсім 4,9 пайыз деңгейінде қамтамасыз етілді», - деп атап өтті Премьер-Министр Үкімет отырысында.

ОПЕК+жасалған келісімдерді орындау қажеттілігі жағдайында мұнай өндірудің де төмендеуі байқалады. Сонымен қатар, тау-кен секторының басқа маңызды бағыттары бойынша оң серпін сақталып отыр, оның ішінде көмір өндіру – 1,2, металл рудалары – 1,3 пайызға өсті.

«Өздеріңізге мәлім, қатаң карантиндік шектеу шаралары тек 17 тамызда ғана алынды. Осыған байланысты, қызмет көрсету секторында, соның ішінде көлік пен сауда саласында көрсеткіштердің төмендегені байқалады. Жалпы 8 айда 5 негізгі көрсеткіштер бойынша сегіз өңір әлеуметтік-экономикалық дамудың өсуін қамтамасыз етті. Олар – Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары. Алты өңірде 4 көрсеткіш бойынша оң серпін байқалды. Олар – Ақтөбе, Қарағанды, Түркістан облыстары және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары.

Жалпы, өңірлер Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойылған барлық міндеттерді тиімді іске асыру үшін жұмысты жандандыруы керек. Қазіргі жағдайда орталық және жергілікті органдардың бірінші басшылары бюджет қаражатын тиімді игерілуін қамтамасыз ету керек. Қаражатты уақытылы және өз мақсатына пайдалану жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын», - деді Асқар Мамин.


Соңғы жаңалықтар