Премьер-Министр бизнесті жақсарту топтамасын дайындауды тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша әлемнің 190 елі арасында 28-орында. Бұл туралы бүгін «DoingBusiness» рейтингінде Қазақстанның позицияларын жақсарту мәселелері талқыланған Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы бірқатар сала бойынша жақсы көрсеткішке жетіп отырмыз. Соның ішінде жаһандық бәсекедегі қабілеттілік индексі бойынша электр өндіру жоғары орында. Темір жол көлігі 34 және ІТ-технологиялар 44-орындамыз. Сонымен қатар, халықаралық сауда, денсаулық сақтау және қаржы секторында көрсеткіштерді жақсарту бойынша жұмысты күшейту қажет. Осыған орай, Ұлттық экономика министрлігіне мындай тапсырма беремін. Бірінші, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың қазан айының соңына дейін бизнесті жүргізу шарттарын жақсарту бойынша кезекті 8-ші түзетулер топтамасын дайындауы керек. Бұл топтама кәсіпорындарды ашу және меншікті тіркеу, құрылысқа рұқсат алу және электрмен жабдықтау желілерін қосу кезінде инвесторлар үшін маңызды бизнес процесстерді жеңілдетуді көздейді», - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының айтуынша, екінші, Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі позицияларын одан ары жақсарту үшін 1 ай мерзімде қолда бар шаралар жоспарларын өзектендіріп, жаңа іс-шаралар жоспарын қабылдау, сондай-ақ бағдарламалық құжаттарға осы рейтингтерде Қазақстан ұстанымдарын жақсарту жөнінде нысаналы индикатор бекіту мәселесін пысықтау керек.

«Үшінші, өңірлердің әкімдері реформаларды іске асыру және бизнес жүргізуге инвестициялар тартуға қолайлы жағдайлар жасау, инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмысты күшейтуі қажет. Барлық негізгі бағыттар бойынша өңірлердің рейтингі жүргізілетін болады. Бұл мәселе Үкіметтің жоғары кеңесінің тұрақты бақылауында және жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижелерін талқылайтын боламыз»,- деді Асқар Мамин.



Соңғы жаңалықтар