Премьер-Министр агроөнеркәсіпті дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин агроөнеркәсіпті дамытудың кешенді жоспарының жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көктемгі егіс жұмыстары сапалы әрі уақытылы жүргізу еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты элементтері болып саналады. Осы бағыттағы жұмыстарды қаржылай және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін мемелкет барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаражат көлемі екі еседен астам ұлғайды. Мұның өзі ауыл шаруашылығы жұмыстарын толық көлемде жүргізуге, өсімдік шаруашылығында жалпы өнім шығаруды 3,1 трлн теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді», - деді Үкімет басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік қолдау аясында заманауи суару технологияларын пайдалану арқылы суарылатын учаскелерді кеңейтуге, сондай-ақ алынатын өнім көлемін арттыруға ерекше назар аударылады.

«Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдермен бірге әр өңір бойынша ауыл шаруашылығы саласының ерекшелігін ескеріп, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың кешенді жоспарының жаңа тұжырымдамасын әзірлеп енгізуді тапсырамын», - деді Асқар Мамин.


Соңғы жаңалықтар