Премьер-Министр 2025 жылға дейін даму жоспары туралы тапсырма берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Реформалар жөніндегі жоғары кеңес отырысы бойынша тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің отырысында бірқатар стратегиялық құжаттар мақұлданды және бірқатар мәселелерді жедел орындау қажет. Жоғарғы кеңестегі талқылауды ескере отырып, Ұлттық экономика министрлігіне Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, бір апта мерзімде Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жобасын Президент Әкімшілігімен пысықтауды тапсырамын», - деп атап өтті А. Мамин Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Екіншіден, «Қазақстан-2050» стратегиясы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды бастамасы әрі стратегиялық жоспарлау жүйесінің негізгі құжаты, онда ел дамуының ұзақ мерзімді басымдықтары айқындалған.

«Бұл құжатты жүйелі түрде іске асыру үшін «Ұлттық басымдықтар» құралы енгізілетін болады, ол «2050 Стратегиясының міндеттерін ескере отырып, қысқа мерзімді кезеңдерде ел дамуының негізгі басымдықтарын белгілейді. Стратегиялық жоспарлау агенттігі Ұлттық экономика министрлігімен бірге 10 ақпанға дейін Ұлттық басымдықтарды қабылдау туралы тиісті жарлық жобасын енгізсін», - деді Премьер-Министр.

Сонымен бірге, Үкімет отырысында елдің 2025 жылға дейінгі дамуының ұлттық жоспары қаралды. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бастамалары – «Қазақстан-2050» Стратегиясын, 5 институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадамды, және де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы мен «NurOtan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін әзірленген.

«Бұл құжат экономиканың орнықты әрі сапалы өсуін қамтамасыз ету арқылы халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру үшін Үкімет жұмысының орта мерзімді перспективадағы басты бағдары болмақ. Ұлттық экономика министрлігі Стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірге 10 ақпанға дейін елдің 2025 жылға дейінгі дамуының ұлттық жоспарын қабылдау туралы тиісті жарлық жобасын енгізсін. Стратегиялық жоспарлау агенттігі Ұлттық экономика министрлігі және мүдделі мемлекеттік органдармен бірге бір ай мерзімде Ұлттық жобалардың тізімін қалыптастырсын», - деп тапсырма берді Асқар Мамин.


Соңғы жаңалықтар