Праймериз форматы жаңашыл азаматтарды іріктейді - Ермек Маржықпаев

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың праймериздің басталуына байланысты ақмолалықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті партияластар! Қадірменді ақмолалықтар!

Еліміздегі көшбасшы - «Nur Otan» партиясы осыдан біршама уақыт бұрын партияішілік сайлау – праймериз өткізу туралы жариялаған еді.

Праймериз туралы Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Назарбаев үстіміздегі жылы наурыз айында өткен партияның Саяси кеңесі бюросының отырысында «Бұл партия атынан мәселелерді шешетін ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік беретін дұрыс шешім деп санаймын» деді.

Осылайша, халықаралық тәжірбиеде мойындалған партияішілік іріктеу тәсілін елімізде алғашқылардың бірі болып «Nur Otan» партиясы қолданысқа енгізді. Яғни, партия алдағы сайлауларға ұсынылатын адал, іскер, ел сенетін тұлғаларды іріктеп алмақ. Партияны жаңғырту бағдарламасында көрсетілген праймериз арқылы ашықтық пен жариялылыққа бағыт алған еліміздің саяси тарихында мəслихат пен Мəжіліске депутаттыққа үміткерлерді іріктеу тұңғыш рет праймериз тәсілі арқылы өтпек. Праймериз форматы жаңашыл азаматтарды іріктейді. Осылайша, сайлаушылардың мүдделерін білдіре алатын, белсенді азаматтар одан әрі партиялық тізімдерге енгізу үшін іріктеледі.

Бүгінде «Nur Otan» партиясының Ақмола облысында 276 бастауыш партия ұйымына біріккен 39 994 партия мүшесі бар. 248 дауыс беру орны мен дебат өткізетін 201 орын жасақталды», - деп жазды әкім әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сонымен қатар, ол елдегі карантин жағдайына байланысты партияішілік сайлау «онлайн» форматында өтетін атап өтті. Үміткерлерге дауыс беру партия мүшелері арасында жүргізіледі.

«Пандемияға байланысты праймериз өткізу ережесіне өзгерістер енгізіліп, дауыс беру онлайн-форматта өткізілетін болды. Бұл азаматтар денсаулығының қауіпсіздігі және ашықтық пен қолжетімділікті арттыру үшін жасалған нақты қадам деп қабылдауымыз қажет. Өңірдегі интернеті баяу 7 шалғай елдімекенде 338 адам дәстүрлі форматта бюллетень арқылы дауыс береді. Мұндай елдімекендерде бастауыш партия ұйымдарының базасында дәстүрлі түрде дауыс беру жүргізіледі. Барлық дауыс беру барысынан фото-бейнежазба жүргізуді жоспарлап отырмыз. Сондықтан, праймериз барынша әділ, әрі ашық өтетіндігіне сенім мол. Негізінен праймериздің өткізілуін бақылауды партиялық бақылау комитеті, өңірлік және аумақтық партиялық бақылау комиссиялары жүзеге асырады. Сондай-ақ, үміткерлердің партия мүшесі болып табылатын сенімді өкілдері де дауыс беру процесіне байқаушы ретінде қатыса алады», - деп толықтырды ол.

Айта кетейік, праймериз елім үшін қызмет етемін деген азаматтардың ашық бәсеке арқылы өзін жан-жақты көрсетіп, мұратына жеткізетін таптырмас мүмкіндік. Сонымен қатар, барлық деңгейдегі мәслихаттарды жасақтау кезінде олардың құрамына кем дегенде 30 пайыз әйелдер және 29 жасқа дейінгі жастар қатысады деп болжануда. Бастапқы нәтижелер бойынша «Nur Otan» партиясы Төрағасының тапсырмасы бойынша әр мәслихат пен Мәжіліс үшін партиялық тізімдер құрылады, олардың құрамына әйелдердің 30 пайызы және 35 жасқа дейінгі жастардың 20 пайызы қатысады.


Соңғы жаңалықтар