Праймериз: Ақтөбе облысында саяси науқанға 486 адам тіркелді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Партияішілік сайлауға үміткерлерді тіркеу мерзімі аяқталып, қорытындысы жарияланды. Ақтөбеден 486 адам бақ сынауға бел буып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұловтың айтуынша, тіркелген үміткерлердің 35,8 пайызы - әйел, 29 пайызы - 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдарынан 221 азамат ұсынылса, өзін-өзі ұсынушылар – 265 адам.

Праймеризге қатысуға Ақтөбе қаласы, Мұғалжар, Хромтау, Шалқар, Алға аудандары ерекше белсенділік танытқан. Үміткерлер 31 тамыздан 6 қыркүйекке дейін үгіт-насихат науқанына дайындалып, 7 қыркүйектен бастап үгіт жүргізуге кіріседі. Оның ішінде 25 орында жария пікірсайыс өткізу қарастырылған. Барлық үміткер қатысуға міндетті.

«Үміткерлер бірінші кезеңде нақты елді мекендердің мәселелерін шешу бойынша өз ұсынысын таныстырады. Яғни, жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді ашық көтеріп, нақты шешім жолын көрсетуі тиіс. Екінші кезеңде «сұрақ-жауап» форматында пікірсайыс сессиясы өтеді. Пікірсайыстың жалпы ұзақтығы 90 минуттан аспайды», -деп Ербол Данағұлов жария пікірсайыстарды өткізу тәртібін айтып өтті.

Партияішілік сайлауда адамдардың қауіпсіздігі басты орынға қойылған. Үміткерлердің жария пікірсайыстары, партия мүшелерімен кездесулері кем дегенде 2 метр арақашықтықты сақтай отырып өтеді.

Сондай-ақ кездесулерді көбіне ашық алаңда, ал пікірсайыстарды онлайн форматта ұйымдастыру қарастырылған. 1-3 қазан аралығында облыстағы 33 мыңнан астам партия мүшесінің дауыс беруі үшін 136 дауыс беру учаскесі белгіленді.

Интернеті бар 42 учаскеде дәстүрлі бюллетеньмен, 94 учаскеде онлайн дауыс беру жоспарланып отыр.

«Бүгіннен бастап үміткерлермен кездесу ұйымдастырып, үгіт-насихат жұмыстары туралы жан-жақты ақпарат беруді бастадық. Үміткерлеріміз шетінен білімді, белсенді, өз күшіне сенімді. Бастысы еліміздің дамуына мүдделі. Біз оларға тең мүмкіндік беріп, адал, ашық түрде бақ сынауларына бар жағдайды жасаймыз», - деді Ербол Данағұлов.


Соңғы жаңалықтар