Прагаға қазақстандық балаларды сапарлатқан мектеп қызметкерлері жазаланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Прагада қазақстандық оқушылардың демалысына немқұрайлы қарағаны үшін «Unischool» тілдік мектебінің қызметкерлері жазаға тартылды. 

Бұл демалысты ұйымдастырған мектеп өкілдеріне балалардың ата-аналары шағымданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осы мәселені әлеуметтік желіде жазған Маржан Байболава есімді азаматшаның сөзіне қарағанда, балалар орналастырылған жерлерде жағдай бұдан бұрын фотосуреттерде көрсетілген нысандарға мүлдем ұқсамаған, сонымен қатар оқушыларды қадағалау шаралары тиісті деңгейде болмаған көрінеді. Сонымен қатар қазақстандық оқушылар тілді меңгеру бойынша сабақтардан қалып жүрген.

Бұдан бөлек, ата-аналар шетелге барған балаларын тамақтандыру деңгейіне көңілдері толмағанын атап өткен.

«Енді сол жерде орын алған ең сорақы жағдайға тоқталатын болсақ, балаларымыздан ақша мен құнды заттарды бопсалаған, сондай-ақ соққыға жығамыз деп қорқытқан»,-деп жазды М. Байболава.

Ата аналардың айтуынша, балаларды бопсалағандар бейтаныс адам болып отыр. Алайда бұл оқиғаны Unischool әкімшілігі полицияға хабарламай, оны өздері реттейтіндіктерін мәлімдеген.

«Аталған мектепке өтінім жіберіп, оқу орнында қызметтік тексеріс жүргізілді. Осы сапарға жетекшілік еткен адамдар жазаға тартылды. Сонымен бірге бұл шаралалар жеткіліксіз, өйткені жазамен проблема шешілмейді. Сондықтан бұл мәселе егжей-тегжейлі қадағалауда болады. Аталған мектептің ақпараты бойынша бұл мәліметтер Ішкі істер министрлігіне бағытталды және қазіргі кезде тергеу амалдарын бастау жағдайы қаралуда. Егер де қауіпсіздік пен денсаулыққа қатердің тәуекелдері болса, онда бұл мәселе мектептің емес, арнайы құқық қорғау органдарының құзыретінде»,-деді «ҚазАқпарат» тілшісіне ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев.

Мұнымен қоса ол тілдік лагерлер мен басқа да сапарлармен  оқушыларды шетелге апаратын кезде ата-аналарды ерекше сақ болуға шақырды.

Соңғы жаңалықтар