Пойыздың жүк сөресіне жолаушы жатқызған жолсеріктер жазаланатын болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Жолаушылар тасымалы» АҚ әлеуметтік желіде тараған атышулы видеоға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, бейнежазбада көрсетілген тамбур мен жүк сөресіне жолаушылар «Маңғышлақ - Ақтөбе» бағытындағы №309/310 жолаушылар пойызында болған. Аталған факт бойынша, қызметтік тексеру жүргізіліп, айыпты қызметкерлермен еңбек шартын бұзуға дейінгі әкімшілік шаралар қабылданады.

«Бұл оқиғаның біздің пойызда болғаны расталды, енді Еңбек кодексіне сәйкес тексеру жүргізіледі. Мұндай видеолар компанияның бас директорының блогына келіп түседі және біз айыпты қызметкерлерге ең қатал жазаны қолданамыз. Өткен жылдың сәуір айында компанияда заңсыз жолаушылар маен жүк тасымалдайтын қызметкерлерге «төзбеушілік» ұстанымы енгізілді. Бұл аралықта 130 адам жұмыстан шығарылып, 26 адамның лауазымы төмендеді», - деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Қызмет көрсету және клиенттермен жұмыс департаментінің директоры Әлібек Сұлтанов.

Сонымен бірге, ұйым қызметкерлері айына 500-ден астам пойызды тексереді. 2019 жылдың алғашқы 5 айында компания 2 726 пойызды тексеріп, 79 билетсіз жолаушыны, 1,5 тонна рәсімделмеген жүкті тапқан.

«Видео авторына белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдіреміз және тұрғындарды күмәнді қызметке жүгінбей, алдын ала билет салып алуға кеңес береміз. Жыл сайын Қазақстанда жазғы уақытта билет тапшылығы болады. Биыл да компания жазғы уақытта тұтас вагон паркін жұмылдырып, 6 миллионнан астам жолаушы тасымалдауды жоспарлап отыр. Алдағы 10 жылда компания жаңа 1200 вагон сатып алады», - деді Ә. Сұлтанов.

Тасымалға шағымданған жолаушылар тәулік бойы 1433 байланыс орталығына немесе әлеуметтік желідегі компания парақшаларына жүгіне алады.

Соңғы жаңалықтар