Пойыздарда әйелдерге арналған купелер болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда пойыз билеттерін сатып алғанда тек әйелдер отыратын купені таңдау қызметі енгізіледі. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі арнайы заң жобасын әзірлеп жатыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көлік комитетінің төрағасы Әсет Асавбаевтың айтуынша, шетелде ондай қызмет бар. Ал өз елімізде оны енгізу үшін ортақ жүйенің функционалын ретке келтіру керек.

«Негізі, шетелде әйелдер үшін арнайы купелер бар. Қазіргі кезде біз тиісті заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеп жатырмыз. Соның аясында билет сатудың жаңа қызметі іске қосылады. Оған сәйкес, әйелдер тек әйелдер отыратын купені таңдай алады. Сөйтіп, әйелдер өздері бір купеге отыра алады. Билет сатылғанда сондай функция болады. Дәл қазір біз осы мәселені «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірге пысықтап жатырмыз», - деді Ә.Асавбаев Парламент Мәжілісінде.

Оның айтуынша, купелердің бәрі бірдей болады. Ондайда тек әйелдер отырған купені ғана таңдау құқығы болады. Еркектер де топтасып жүре алады.

«Вагондарды ешкім бөлмейді. Бәрі бірдей болады. Әрине, жаңа қызметті енгізу үшін алдымен ортақ бір жүйені жасап алу қажет. Биыл соны бітіретін шығармыз. Ал келесі жылдан бастап жаңа қызмет іске қосылады», - деп атап көрсетті А.Асавбаев журналистерге берген сұxбатында.

Айта кетейік, Парламент Мәжілісінің депутаттары көлік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық өзгерістерді талқылауға кірісті. Соның ішінде республикалық жолдарда көлік құралдарын жаппай тоқтату тәжірибесіне тыйым салу мәселесі де бар.

Бұдан бөлек, Uber, InDriver мен Яндекс Такси сияқты мобильді қосымшалар бойынша адам таситын көлік жүргізушілерін заңдастыру шаралары қолға алынады.

Соңғы жаңалықтар