Пойыз апатының себеп-салдарын тасымалдаушылар емес, министрлік анықтайтын болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев теміржол және су көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігі мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасы Қазақстан Республикасының 4 кодексі және 16 заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

«Бірқатар түзетулер теміржол және су көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Қазіргі уақытта теміржол көлігіндегі апаттарды тергеуді көлік саласындағы уәкілетті орган, ал оқиғалар мен инциденттерді - тасымалдау процесіне қатысушылардың өздері жүргізеді. Адам өмірі мен денсаулығының құндылығын ескере отырып, заң жобасы шеңберінде жолаушы пойыздарының жолдан шығуын немесе соқтығысуын туғызған оқиғаларды тексеруді уәкілетті органның құзыретіне беру ұсынылады», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Сондай-ақ, уәкілетті органның құзыретіне Каспий теңізінің аумақтық суында Мемлекеттік ту астында жүзетін кемелердің авариялық жағдайын тергеуді қосу ұсынылды.

Одан бөлек, жаңа заң жобасы суға батқан мүлікті көтеруді қамтамасыз ету және теңіз апаттарының салдарын жедел жою жөніндегі тетікті құруға көмектеседі.

«2021 жылдың 31 наурызында Қазақстан Республикасы батып кеткен кемелерді шығару туралы 2007 жылғы Найроби халықаралық конвенциясын ратификациялады. Осыған байланысты, заң жобасында кеме иесінің суға батқан мүлікті көтеру жөніндегі өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру жөніндегі міндетін белгілейтін Конвенция талаптарын имплементациялау нормалары көзделген. Ұсынылған нормалар Қазақстанға суға батқан кемені көтеру бойынша шығындарды өтеу талаптарын тікелей сақтандыру компаниясына ұсынуға мүмкіндік береді», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Бұған дейін министр ҚР Заңдары мен кодекстеріне халықтың әлеуметтік осал топтарына қоғамдық көлікте жүруге жеңілдік беретін нормалар енетінін хабарлаған еді.



Соңғы жаңалықтар