Пойыз апатын қалпына келтіру жұмыстары аяқталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында болған пойыз апатының салдары толығымен қалпына келтірілді. Бұл туралы Алматы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясы барысында ҚТЖ-жүк тасымалы» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры Сәрсебек Жапаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Апатты қалпына келтіру жұмыстары толығымен аяқталды. Кеше соңғы үш вагонды жинау басталды. Алматыда 400 жолаушыға дер кезінде көмек көрсетілді. «Қазақстан Темір жолы» АҚ өкілдері жапа шеккен адамдарға өтемақы төлейтін болды. Зардап шеккендер әуреге түспес үшін арнайы карталарына жіберетін боламыз. Сома әртүрлі. Алған жарақатына байланысты 500-900 мың теңгеден келеді. Қаза болған баланың отбасына 2,1 млн теңге бөлінді. Жарақат алған 24 адамға қаржы қалай бөлінеді, солай жібереміз», - деді Жапаров.

Оның айтуынша, әзірге жол апатының себебі анықталмай жатыр.

«Бір тұжырымдама айту қиын. Бірінші себеп ретінде жолдардың қисаю деген нұсқа талқыланды. Осы себепті анықтау үшін комиссия құрылды. Бірақ, олай болған болса, сонша көп вагон рельстен шықпауы керек еді. Бұл жағдайда 7 вагон өтіп кетсе, қалғаны рельстен шығып кетті», - деді спикер.

Қазір аталған жол апатының себебін зерттеу мақсатында бірқатар сараптама тағайындалды.

«Мәскеу және Алматы темір жол институттарынан 10 маман төтенше жағдай себептерін зерттеп жатыр. Қорытындыны солар айтады. Вагондар жаңа. Соққы болу ықтималдығына сараптама жасалды. Бұл мүмкін емес деген ресми жауап берілді», - деді Сәрсебек Жапаров.

Бұған дейін Астанадан Алматыға бара жатқан жолаушылар пойызының апатқа ұшырағанын хабарлаған болатынбыз.

Одан кейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы «Астана-Алматы» бағытында қатынайтын пойыздың апатқа ұшырауына қатысты ресми мәлімдеме жасап, оқиғаның шығу себебін тексеретін арнайы комиссия құрылғанын жария еткен еді.

 

Соңғы жаңалықтар