Португалияда 5-тен 11 жасқа дейінгі балаларға вакцина егу жоспарланып отыр

None
None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Еуропадағы эпидемиологиялық жағдай күрделі. Ұлыбританияда тәулік ішінде 58 мың вирус жұқтырғандар анықталды. Корольдіктің санитарлық қызмет өкілдері желтоқсан айының басында-ақ омикрон басымдыққа ие штамға айналуы мүмкін деген болжам жасап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат euronews.com сайтына сілтеме жасап.

Ел билігінің хабарлауынша, үшінші вакцина омикронды жұқтыру қаупінен айтарлықтай қорғайды. Сондықтан оны салдыруға асығу керек.

Португалияда 18-19 желтоқсан аралығында 5-тен 11 жасқа дейінгі балаларға вакцина егу жоспарланып отыр. Бірінші кезекте ол өзге де аурулары бар адамдарға егілмек. Коронавирус инфекциясы тарай бастағалы 10 млн халқы бар Португалияда вирус жұқтырған 1,18 млн адам тіркеліп, 18,6 мың адам қайтыс болған.

Германияның денсаулық сақтау саласы айтарлықтай қиындықтарды бастан өткеріп отыр. Елдегі ірі ауруханалардың бірі саналатын Мюнхен ауруханасындағы орындардың төрттен үшінде коронавирус жұқтырған науқастар жатыр.

Бас дәрігердің сөзінше, вакцина салдырған адамдар саны көп болса, жағдай бүгінгіден әлдеқайда оңды болар еді. Жұмы күні ел Парламенті бірқатар кәсіп иелерін міндетті вакциналау туралы заң жобасын мақұлдады. Вакцина алуы міндетті кәсіп иелерінің тізімінде ауруханалар мен қарттар үйінің қызметкерлері бар.


Соңғы жаңалықтар