Португалия Уругваймен кездесу алдында стандарттар кезінде қорғануды пысықтап жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ресей жасыл алаңдарында өтіп жатқан 2018 жылғы Әлем чемпионатының 1/8 финалы аясында Уругвай және Португалия құрамалары кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Уругвай мен Португалияның ресми турнирлер аясында алғаш рет жолдары түйіскелі тұр. Жалпы, ФИФА рейтингіндегі орнын есепке алмағанда, деңгейлері шамалас ұжымдардың ойынына куә боламыз деп айтуға болады. Сондықтан да ойын алдында болжам айтуға тіпті аса сыншыл футбол сарапшыларының да батылы бармай отыр.

Ойын әдістеріне байланысты, Уругвай алаң орталығында біршама басымдыққа ие болып, Португалия екі қапталмен жылдам шабуылдауға иек артуы мүмкін. Уругвайдың бір басымдығы ретінде Эдинсон Кавани, Луис Суарес сияқты әлемдік деңгейдегі шабуылшыларының көбірек екендігін атап көрсетеміз. Бұл жағынан португалдар аса мақтана алмайды. Топтық кезеңдегі ойындарда осы жайт айқын байқалып қалды. Олардың бас жұлдызы Криштиану Роналдуға лайықты серік болатындай футболшы табыла қойған жоқ. Есесіне Фернанду Сантуш шәкірттері қарсыластың бабына қарай ойнаудың үдесінен шығып жүр.

Бас бапкер - екі команданың да басты жетістігі деуге болады. Он екі жылдан бері құрама команданы жаттықтырып жүрген Оскар Табарес пен ойыншылар арасындағы қарым-қатынасты әке мен баланың арасындағы жақындыққа теңеуге болады. Дәл осындай пікірді Фернанду Сантуш туралы да айта аламыз.

Уругвайлықтар Әлем чемпионаты былай тұрсын, биылдыққа әлі жеңіліп те көрген жоқ, Кевин Муслераның қақпасына гол да соғылған жоқ. Жыл басынан бері өткізген алты ойынның алтауында да жеңіске жетті. Латын Америкасы өкілдері топтық кезеңдегі бес голының барлығын да стандарттар арқылы соқты. Фернанду Сантуш ойын алдындағы дайындық кезінде дәл осы аспектіге ерекше назар аударды. Португалия құрамасының мундиальдағы ресми тілшісі Ракель Бранконың айтуынша, БАҚ өкілдері үшін өткізілген 15 минуттық ашық жаттығулар кезінде португалиялықтар қарсыластың стандарттары кезінде қорғанудың амал-тәсілдерін пысықтап, пенальти тебу дағдысын жетілдіре түскен.

Ал енді іс жүзінде мұның қаншалықты нәтиже беретінін «Фишт» стадионында болатын ойын көрсетеді. Матчтың тікелей трансляциясы Qazaqstan және Qazsport телеарналарында Астана уақытымен 00:00-де басталады. 1/8 финалдың қалған ойындарының кестесін мына жерден көруге болады.

 

Соңғы жаңалықтар