Полковник Лейла Әліпбаева: Балалар үшін жүрегім ауырады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Полиция қызметкері Лейла Әліпбаева ҚазАқпарат тілшісіне Ішкі істер саласында лейтенант шенінен полковникке дейін қалай 25 жыл қалтқысыз қызмет еткенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полковник Алматы полициясы сапында 1995 жылдан бері қызмет етіп келеді.

Басында Алатау ауданындағы кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің ісі бойынша инспектор болып қызмет еткен.

Одан кейін қалалық ПД ерекше тапсырмалар бөлімінің инспекторы болған. Қазір қалалық ПД Ювеналды полиция бөлімінің басшысы.

«Менің педагогикалық білімім бар. Бізге педагогикалық университетте оқып жүргенде полиция қызметкерлері келіп дәріс оқитын. Олар құқықбұзушылықтар туралы айтатын. Мен олардан органдағы қызмет туралы сұрайтынмын. Соларға қызығып жүріп полицияға ауыстым. Екінші рет ІІМ Академиясында білімімді жалғастырдым. Оған титтей де өкінбеймін. Мен балалармен жұмыс істегенді бұрыннан жақсы көретінмін», - деді ол.

Лейла Әліпбаева отбасында 4 баланың тұңғышы. Лейла мен інісі құқық саласында қызмет етсе, тағы екі інісі әкесінің жолын қуып, құрылысшы инженер мамандығын игерген.

«Бізде жұмыс кетсесі өте тығыз. Кейде түнімен жұмыс істеуге тура келеді. Көп адамды кездестіреміз. Алматыда кәмелеттік жасқа толмаған балалар жиі ұрлық жасайды немесе жоғалып кетеді. Бәрінен де баланың жағдайы жүрекке батады. Ондайлар жиі кездеседі. Бізге ол — күйзеліс», - деді ол.

Оның айтуынша, 20 жыл ішінде балаларға қатысты түрлі оқиғалармен жұмыс істеген.

«Біз тек балалармен емес, ата-аналармен де жұмыс істейміз. Ішкілікке салынған, баласына қарамайтын ата-аналар өте көп», - деді Лейла Әліпбаева.


Күйзеліске түскен уақыттарда полковник отбасымен серуендеп, фильм көруді ұнатады.

«Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Полиция әйелдің жұмысы емес дегенге келіспеймін. Қоғамдық тәртіпті сақтау – біздің де міндетіміз. Бізде жеке құрамның 70 пайызы – әйелдер. Балаларға ананың мейірімі керек. Жұмыс оңай емес, бірақ оны бәрібір біреу істеуі керек», - деді ол.

Әңгіме соңында Лейла Әліпбаева барлық әйелдерді 8 наурыз халықаралық Әйелдер күнімен құттықтады.


Соңғы жаңалықтар