Полигон зардабын тартқан азаматтарға жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет - Тоқаев

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет. Бұл туралы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласының зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлиге сілтеме жасап.

«Полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет. Қазір «Семей полигонындағы ядролық сынақтың тауқыметін тартқан тұрғындарды қорғау және оңалтуға арналған бұған дейінгі шаралардың тиімділігі» жөнінде арнайы зерттеу жүргізілуде.

Жыл соңына дейін полигон аймағындағы тұрғындар мен олардың ұрпақтарына ядролық сынақтардың тигізген зиянын нақтылап, әлеуметтік кепілдіктердің көлемін анықтаймыз.

Үкіметке полигон аумағындағы халыққа берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қалысының зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде.

Сондай-ақ, Президент өңірдегі тағы бір күрделі ахуал Семейдегі Ядролық медицина орталығының құрылысына қатысты болып отырғандығына тоқталды.

«Аталған мәселе 2012 жылдан бері айтылып келеді.Жағдайдың мән-жайын мен жақсы білемін. Орталықтың құрылысы әбден созылып кетті. Бұл тиісті мемлекеттік органдардың адам тағдырына соншалықты жауапсыз қарап отырғанын көрсетеді. Сондықтан, айтыс-тартысты дереу тоқтатып, елге тиімді ортақ мәмілеге келу керек. Облыс әкімі мен Денсаулық сақтау министріне орталықты жабдықтап, қысқа мерзім ішінде іске қосуды қатаң тапсырамын», - деді ол.

Мемлекет басшысы полигонның салдарынан түрлі дертке шалдыққан азаматтарды тиісті деңгейде емдеумен қатар, оларға оңалту қызметін көрсету мүмкіндіктерін де қарастыру қажеттігіне назар аудартты.

«Семейде және осы өңірге қарасты ауылдарда 1300-ден астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Қажетті жағдай жасалмаған тар ғимаратта орналасқан оңалту орталығы бір уақытта 35 бала ғана қабылдай алады. Бұл - шындық. Мұндай жағдай мүлде сын көтермейді. Облыс әкіміне мәселені дереу қолға алып, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Қалада Балаларды оңалту орталығын салу мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұл полигон аумағына қатысты атқарылатын жұмыстар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарын Семей қаласынан басталғандығы туралы хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар