Полиэтилен өндіру жобасына инвесторды тарту жұмыстар жүргізіліп жатыр – Энергетика министрлігі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев полиэтилен өндіру жобасын іске асыру үшін инвесторды тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа кәсіпорындарды іске қосу және жұмыс істеп тұрған хош иісті көмірсутекті, майлар мен полипропиленді өндіру зауыттарының өнімді шығару көлемдерін үдетуіне байланысты жыл сайын мұнайгаз-химия өнімдерін шығаруда өсім байқалады.

Қазіргі кезде салада 2025 жылға дейін жалпы сомасы шамамен 15 млрд АҚШ долларын құрайтын жобалар қолға алынды», - деді министр Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, мұнайгаз-химия саласын дамытуға инвестициялар тарту үшін Үкімет тарапынан нақты мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Осылайша, арнайы аймақта мұнайгаз-химия өндірісін дамытуға арналған бірыңғай алаңды құру, инфрақұрылымды салу, шикізатпен қамтамасыз ету көлік шығыстары бойынша шығындарды едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл өз алдына іске асырылып жатқан жобалардың экономикалық тартымдылығын айтарлықтай жақсартады.

«Ал ірі жобаларға тоқталатын болсақ, бүгінде қуаты жылына 500 мың тоннаны және құны 2,6 млрд АҚШ долларын құрайтын полипропилен өндіру жөніндегі газ-химия кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаны аяқтау мерзімі – 2021 жылдың соңы. Полиэтилен өндіру жобасын іске асыру үшін зәкірлі инвесторды тарту бойынша белсенді жұмысты жүргізудеміз», - деді Ноғаев.

Инвестор үшін шарттар топтамасы әзір, атап айтқанда: Полиэтилен және Газсепарациялық қондырғы жобалары бойынша әзірленген техникалық-экономикалық негіздеме; Үкіметтік қолдау туралы келісімнің және Коммерциялық келісімдердің әзірленген жобалары; Арнайы экономикалық аймақ аумағында орналастыру: шикізатқа жақындығы, салықтық/ кедендік жеңілдіктер.


Соңғы жаңалықтар