Полиэтилен өндіретін кәсіпорын Қазақстанның ЖІӨ-не 1 пайыз түсім қосады

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Автриялық «Бореалис» компаниясы болашақта елімізде тұрғызатын газохимиялық кәсіпорын Қазақстанның жалпы ішкі өніміне қосымша 1 пайыздық түсім әкелетін болады. Бұл туралы Брюссельде өтіп жатқан қазақстандық-еуропалық бизнес-форумда «Бореалис» компаниясының аға вице-президенті Еспен Остмо айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Полиэтилен өндірісі бойынша газды-химиялық жобаны Атырау облысында жүзеге асыру көзделген. Келешектегі компанияның қуаты жылына 1,250 млн тонна өнімді құрайды.

«Бұл жоба Қазақстанда газды-химиялық өнеркәсіптің құрылуына мүмкіндік беріп, ТМД мен Еуропа елдеріне өнімді кең ауқымда экспорттауға жол ашады», - деді Еспен Остмо.

«Бореалис» компаниясының аға вице-президенті өз сөзінде жобаға 5 млрд доллар көлемінде инвестиция салынғалы отырғанын, келешектегі өндірістің экспорттық сатылымы шамамен 2 млрд долларға жететінін айтып өтті.

«Қазақстанның ЖІӨ-сіне тікелей түсім шамамен жылына 1 пайыз болады. Оған қоса отандық тасымалдаушылар мен өнеркәсіптен қосымша түсім келетін болады», - дейді Е.Остмо.

«Қазақстандағы ірі газ ресурстарына сүйене отырып, біз полиэтилен өндірісінің мұнда болашағы жарқын екенін, сонымен бірге полипропилен бойынша жұмысты кеңейтуге болатынын болжап отырмыз», - дейді «Бореалис» компаниясының аға вице-президенті Еспен Остмо.

Айта кетсек, «Бореалис» компаниясы полиолефин, базалық химикат мен түрлі қоспалар бойынша еуропалық жетекші өндіруші болып табылады. Оның штаб-пәтері Австрияда орналасқан. 2016 жылдың қорытындысы бойынша компания 7,6 млн еуро пайда тапқан.

Еске сала кетсек, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Брюссель қаласына «Азия-Еуропа» Форумының (АСЕМ) 12-ші саммитіне қатысу үшін келген болатын.

Сондай-ақ, бүгін Бельгиядағы Корольдік сарайында Қазақстан Президенті Бельгия Королі Филиппен кездесті.

Сонымен қатар, Брюссель қаласында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуропаның іскер топтар өкілдерімен кездескен.

Соңғы жаңалықтар