Полицияның сервистік үлгісін учаскелік деңгейде ғана енгізу аздық етеді – ҚР Президенті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Полицияның сервистік моделін қалыптастыруда халықпен тығыз жұмыс істейтін салаларға басымдық беруілуі керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шын мәнінде, қазір азаматтық қоғамның көзі ашық. Олар қауіпсіздік саласындағы түйткілдерді шешуге белсенді түрде қатыса алады. Сондықтан, Полиция қызметінің сервистік үлгісін учаскелік деңгейде ғана енгізу аздық етеді. Министрліктің басқа да құрылымдары осы үлгіге көшуі керек. Әсіресе, халықпен тығыз жұмыс істейтін салаларға баса мән берілуге тиіс.

Сервистік үлгінің басты ерекшелігі – құқық бұзушылықтың алдын-алу. Бұл істе жүйелі ұстаным болуы қажет. Қоғамға қарсы іс-әрекет туғызатын жағдайларды түбірімен жойған жөн. Жағымсыз әлеуметтік факторлардың ықпалын азайту керек. Әсіресе, заңды белден басуға бейім адамдардың тәртіп бұзуына жол беруге болмайды», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пайымынша, мұның бәрі Ішкі істер министрлігі ғана атқаратын жұмыс емес. Яғни, өзге мемлекеттік органдарға да ортақ міндет.

«Бізде құқық бұзушылықтың алдын-алу жөніндегі комиссиялар бар. Республикалық және өңірлік деңгейдегі осындай комиссиялардың мүмкіндігін толық пайдаланған жөн. Әкімдер де аймақтың тұрақтылығы мен тыныштығына жауапты. Үкімет олардың осы бағыттағы жұмысына қойылатын талапты қайта қарауы қажет. Аймақтың қауіпсіздігі – өте маңызды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиында сөз сөйледі.

Соңғы жаңалықтар