Полицияға тастанды сәбилер туралы хабарламаған дәрігерлерге айыппұл салынбақ

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Медицина ұйымдарының лауазымды тұлғалары жаңа туған баланы тастап кету фактісін полицияға хабарламаса, онда олар әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ. Ішкі істер министрлігі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне осындай өзгеріс енгізбек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Медициналық ұйымдардың және жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың лауазымды адамдарының жаңа туған баланы тастап кету, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың келіп түсуі және жеткізілуі фактісі туралы хабарламауы - жеке тұлғаларға - 5, лауазымды адамдарға - 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Егер әкімшілік жаза қолданылып, кейін 1 жыл ішінде дәл сол әрекеті қайталанса, онда жеке тұлғаларға - 20, лауазымды адамдарға - 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады», - деп жазылған жаңа редакцияда.

Құжат «Ашық» НҚА порталында жарияланды. Оны талқылау 23 желтоқсанға дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар