Полицияға пара берген жүргізушіге қандай шара қолданылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда жол-патрульдік полициясына пара бермек болған 2 жүргізуші ұсталды. Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Садубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Павлодарда облыстық ІІД ЖПҚ жол-патрульдік полициясының инспекторларына бара бергені үшін екі жүргізуші ұсталды. Біреуі - 5 мың, екіншісі 12 мың теңге берген. Екеуі де жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін тоқтатылған. Олар жауапкершіліктен жалтару үшін полиция қызметкерлеріне ақша ұсынған. Бұған қоса, лауазымды тұлғаға пара бергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны туралы ескертуге қарамастан, жүргізушілер ақшаны патрульдік көліктің ішіне тастап кеткен», - деді Алмас Садубаев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта аталған жүргізушілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің пара беру бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осы ретте Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі лауазымды тұлғаға пара берген азаматтар бас бостандығынан айырылуы мүмкіндігін ескертті.

А.Садубаевтың атап өтуінше,  жемқорлық тәуекелдерді төмендету мақсатында бүгінде барлық полиция қызметкерлері видеотіркегішпен қамтамасыз етілген. Полиция қызметкерлері күнделікті қызметтерін аяқтағаннан кейін аталған видеотіркегіштегі материалдарды тапсырады. Видеоматериалдар олардың тікелей командирлері мен өзіндік қауіпсіздік қызметкерлері тарапынан тексеріледі.

Соңғы жаңалықтар