Полицияға көмектескен ақмолалықтар 4 млн теңгеден астам сыйақы алды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат  - Ақмола облысында тұрғындардың көмегінің арқасында 600-ден астам қылмыстың беті ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Өңірде полицияның қоғамдық көмекшісі қозғалысының белсенділігі артуда. Қазіргі кезде, қозғалыс құрамындағы бір мыңнан астам ақмолалық қоғамдық тәртіпті сақтауда, құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алуда полицияға көмек қолын созып жүр. Сол себепті, біз де өз тарапымыздан азаматтарды көптеп тартып, бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндіктерін қарастыруға тырысамыз», - дейді полцейлер.

Бүгінгі таңда полиция департаментінде 1100 адамның басын біріктіретін 243 қоғамдық құрылым жұмыс істейді. Әр құрылымның жұмысы әртүрлі. Оның ішінде өңірдегі жоғары және орта-арнаулы оқу орындарындағы студенттерден құралған жасөспірімдер мен жастар арасында 24 жедел жастар отряды жұмыс істейді. Оның көбі кейін полиция қызметіне қабылданып жатады. Сондықтан, олар бұл іске асқан жауапкершілікпен қарап, теориялық білімін практикамен ұштастыруға тырысады.

«Соңғы жылдары өңірде консьерж институты дамуда. Пәтер ұрлығының, қоғамдық тәртіп бұзылуының алдын алуда әр подъездегі белсенді тұрғындардың көмегі зор.  Сонымен қатар, көпқабатты тұрғын үй аулалары мен кіре берістеріне бейнебақылау камераларын орнату бойынша ПИК төрағаларымен байланыс орнатылған», - деді ведомстводан.

Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті сақтауда әр учаскелік полиция бекетінде ішкі істер органдары ардагерлерінің қатысуымен қоғамдық кеңестер құрылды. Олар полицияның учаскелік инспекторларына үй ауласын аралауға, қылмысқа бейім адамдарды анықтап, тұрғындармен алдын алу шараларын жүргізуге көмектеседі.

«Қазіргі кезде, ауылдық жерлерде мал ұрлығы басты мәселе болып отыр. Осы орайда, мал ұрлығын ашуда тәртіп сақшыларына «Сақшы» және «Сарбаздар» тәрізді көптеген отрядтар көмектеседі. Өңірде олардың саны - 149», - деп толықтырды полиция департаменінің баспасөз қызметіндегілер. 

Ағымдағы жылы ерікті жасақшылар мен жастар отрядының көмегімен 2100 әкімшілік құқықбұзушылық, 600 астам қылмыстың беті ашылды.

«Полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденовтың бұйрығымен құқық қорғау органдарына белсенді түрде көмектескен азаматтар ақшалай сыйақымен марапатталады. Биылғы жылы оларға 4 миллион теңгеден астам сайыақы төленді», - деп түйіндеді ведомстводан.

 

Соңғы жаңалықтар