Полицияға дұрыс реформа жасамай, Жаңа Қазақстан құру мүмкін емес – Абзал Құспан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 23 маусым - Қазақстан полициясы күні. Ел тыныштығын күзетіп, қоғамдық тәртіпті қадағалаған полиция қызметінің құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Мемлекеттің тұрақтылығы мен қоғамның бірлігі осы сала қызметкерлерінің кәсіби деңгейіне тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ішкі істер органдарының қызметіне қатысты бірқатар нақты тапсырма берген болатын. Бүгінде полиция қызметін реформалау ісі қалай жүзеге асып жатыр? Полицияның сервистік моделі деген не? Тәртіп сақшыларының имиджін көтеру үшін не істеу керек? Осы сауалдар төңірегінде белгілі заңгер Абзал Құспанмен әңгімелесіп, пікірін білген едік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Полиция қызметін реформалау қалай жүзеге асып жатыр?

1992 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заңын қабылдады. Ал 2007 жылдың 5 маусымында Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусым Полиция күні деп бекітілді. Осы 30 жыл ішінде кәсіби борышын орындау кезінде 800-ден астам полиция қызметкері қаза тауып, 3 мыңға жуығы түрлі дене жарақатын алған. Осы мәліметтің өзі ғана тәртіп сақшыларының қызметінің қаншалықты қиын әрі қауіпті екенін аңғартады.

2019 жылы Ішкі істер органдарын жаңғырту қолға алына бастады. Үкімет бекіткен 9 негізгі бағыттан тұратын ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы іске қосылды. Осыған байланысты 106 артық басқару буыны және 1 483 басшылық лауазым жойылды. Реформалау кезеңінде ішкі істер органдарының саны 11%-ға қысқартылды. Нәтижесінде полиция қызметкерлерінің саны 100 мың тұрғынға шаққанда 471-ден 372-ге дейін төмендеді.

Бұл құжат күшіне енгеннен бері ішкі істер органы қызметкерлерінің жалақысы өсіп, әлеуметтік жағдайы да жақсарды. Полицейлерді басқару жүйесі де жетілдірілді. Лауазымдарды қысқартқаннан үнемделген қаражатқа полицейлердің жалақысын өсірді. Штатты оңтайландыру есебінен үнемделген және бюджеттен қосымша бөлінген 20 млрд ақшаға 2019 жылғы 1 шілдеден бастап патрульдік полиция қызметкерлерінің жалақысы – 65%-ға, жедел-тергеу бөлімшелерінің жалақысы – 55%-ға, учаскелік инспекторларға, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар мен оқытушыларға – 25%-ға, полиция мен қылмыстық-атқару жүйесінің қалған қызметтерінің жалақысы – 20%-ға өсті. Сонымен қатар заңға қызметкерлердің тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлері үшін әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ететін өзгеріс енгізілді.

Сервистік үлгі деген не?

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2019 жылдан бері сервистік үлгіге көшу ұсынылды. Сервиске бағдарланған полиция қызметі – полиция мен қоғамға құқықтық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемаларын шешу үшін ынтымақтастықтың жаңа әдістерін қолдануға мүмкіндік беретін модель. Бұл полицияның әдістерін өзгертуге, тәртіп сақшылары мен қоғам арасында сындарлы қарым-қатынас орнату үшін шара қабылдауға негізделген.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында «жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілгенін атап өткен еді. Өзара іс-қимылдың осы модельдерін қолдану жергілікті жерлерде полиция жұмысының сапасын арттыруға және ішкі істер органдарын реформалау бойынша міндеттерге неғұрлым тиімді қол жеткізуге ықпал етеді.

Полиция формасына реформа

Полиция реформасы аясында патрульдік және учаскелік полицейдің, кейінірек кеңсе қызметкерінің де формасы ауысты. Ең соңғы рет елімізде полиция қызметкерлерінің киім үлгісі 2005 жылы ауысқан болатын. Дегенмен уақыт өте келе бұл форманың да заман талабына сай келмейтіні байқала бастады. Форманы әзірлеу «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасын» іске асыру аясында жүргізілді. Әртүрлі климаттық жағдайларда қызмет атқаратын полицейлердің ұсыныс-тілектерін ескере отырып, киім үлгісін оларға барынша ыңғайлы әрі қолайлы етіп жасауға ерекше көңіл бөлінген. Полицейлер енді аяққа кроссовка киетін болды. Учаскелік полиция инспекторларына жеке форма әзірленді. Осыған байланысты металл бұйымдардан жасалған жетон, эмблема, жұлдыз және кокарда тоқыма матаға ауыстырылды. Сонымен қатар киім үлгісінде жарық шағылыстыратын элементтерге ерекше көңіл бөлінген, бұл жолдағы қауіпсіздік деңгейін арттырады.

«Полиция қызметін реформалауға қоғам да атсалысуы керек»

Осы тұста қоғам белсендісі, белгілі адвокат Абзал Құспаннан еліміздегі полиция қызметін реформалаудың қарқыны туралы сұрап көрдік. Маманның пайымынша, бұл іске қоғам тұтас қатысуы қажет.

«Полиция қызметін реформалау дұрыс жүзеге аспай жатыр. Бұл істің қандай да бір нәтиже алып келетініне сенбеймін. Өйткені полиция қызметін реформалауға қоғамды қатыстыру керек. Қоғам өкілдерін тарту қажет. Дайындалып жатқан заң жобасы немесе реформалауға қатысты нормативтік актілер көпшілікке ұсынылуы тиіс. Бұл жердегі ең басты кемшілік - осы. Полиция қызметі кеңестік жүйеден қалған мектебін жоймайынша, біз дұрыс полиция жүйесін құра алмаймыз»,-деді Абзал Құспан.

«Полиция қызметіне дұрыс реформа жасамай, жаңа Қазақстан құру мүмкін емес»

«Қазіргі Қазақстан полициясы – кешегі Кеңестік милицияның заңды жалғасы. Кезінде еш жазығы жоқ алаш ардақтыларын аяусыз өлтіру немесе қудалаудың репрессивті саясаты бізге мұраға қалды. Сол кезде аталған қызметті атқарғандардың қызметі өсті. Кейін олар өз мектебін қалыптастырды. Тәуелсіз ел болсақ та, сол мектеп өз жұмысын жалғастырып отыр. Оны түбегейлі жою керек. Соның ішінде түрме жүйесі, ол жердегі жазылмаған заңдардың іргетасы әлі бар. Бұл тұста Грузияның тәжірибесін қолдану керек. Әрбір қызметке жаңадан конкурс жариялау арқылы мүлдем жаңа адамдарды жұмысқа қабылдау керек. Бастапқы кезеңде тәжірибе жетіспей, қылмыс саны көбеюі мүмкін. Осылай ғана, адам құқықтарының еуропалық немесе батыс елдеріндегі стандартына сәйкес сервистік модельге көшеміз, бәрі уақытымен қалпына келетін болады. Ал ескі кеңестік жүйеден толық құтылу керек. Полиция қызметін дұрыс реформаламай, жаңа Қазақстан құру мүмкін емес»,-деді Абзал Құспан.

Грузия полиция қызметін қалай реформалады?

Осылайша, ол Грузия мемлекетінің полиция қызметін реформалау тәжірибесіне, оның ерекшеліктеріне кеңінен тоқталып өтті. Оның пайымынша, Кеңес үкіметінің шекпенінен шыққан Грузияның тәжірибесі бізге өте қолайлы.

«Грузияда полиция қызметіндегі реформа жүзеге асып жатқан кезден-ақ бұл жүйемен таныстым. Сол кезде мына нәрсеге назар аудардым. Тау халықтары, соның ішінде грузиндер қылмысқа жақын деген пікір бар. Қылмыс бар жерде міндетті түрде жемқорлық болады. Сол мемлекеттегі полиция қызметі адам танымастай өзгерді. Ол қалай жүзеге асты? Полиция қызметінде жемқорлыққа бейім қызметтер қатарында ГАИ қызметі алдыңғы қатарда тұр. Бұл бәрімізге белгілі жайт. Оларда патрульдік полиция қызметінің барлық жұмысшысы қызметінен босатылды. Оның ішінде жұмысына адалы бар, жаманы бар, толығымен кетті. Олардың жұмысы уақытша учаскелік полиция қызметкерлеріне жүктелді. Ал патрульдік полиция қызметкеріне конкурс жарияланды және талап бәріне бірдей болды. Ол жерде жұмысын бұрын жақсы істегені, жоғары көрсеткіштер мүлде есепке алынбады. Сөйтіп, толықтай жаңа адамдар келді»,-деді ол.

Оның сөзінше, полицияның түпсанасы өзгермейінше, ештеңе өзгермейді. «Мәселен, патрульдік полиция қызметіне жұмысқа тұратын адам жалақыдан бөлек, ақша жасап байлық жинаймын деп келеді. Егер олардың жұмыс істеу ережесін түбегейлі өзгертпесек, елге қызмет етем деп келген баланың өзін қалыптасқан ескі жүйе мен тәжірибе басқаша тәрбиелейді. Жаңадан келген адамның көп құқығы болмайды. Олар жазылмаған заңға, жазылмаған тәртіпке бағынуға мәжбүр»,-деп толықтырды ол сөзін.

Бұдан бөлек Абзал Құспан Мемлекет басшысының полицияны сервистік үлгіге көшіру бастамасына қатысты пікір бөлісіп, Грузия полициясының ішкі мәдениетіне, еліне деген сүйіспеншілігіне таң қалғанын айтып өтті. Ол өз сөзінде: «Полицияның сервистік моделіне ауысу өз қолымызда. Менің бір танысым Грузиядан көлік тасымалдайтын еді. Сол кісінің оқиғасын бөлісейін. Грузияда егер қаланың ішінде адасып қалсаң, патрульдік полиция қызметкерлері өздері келіп, жол көрсетіп, тіпті көліктің алдына түсіп, жолға салып жібереді екен. Осы жағдай бірнеше рет қайталанғаннан кейін, танысым полицейден «қалай өзгердіңіздер?» деп сұрапты. Сонда ол: «Сіздер біз үшін – инвесторсыздар. Біздің мемлекеттен автокөлік сатып алу арқылы бюджетімізге қаржы түседі. Сондықтан мейлінше көмектесуіміз керек» деп түсіндірген. Міне, сервистік модель деген осы»,-деп түйіндеді ол сөзін.

Қорыта келе, егемендіктің 30 жылында елімізде полиция қызметін бағалаудың өзіндік өлшемдері қалыптасты. Ол үшін мемлекет бірқатар іс-шараны қолға алды. Алайда, бұл тек мемлекеттің ғана шаруасы емес, қоғамның, тіпті полицейлердің ішкі мәдениетіне, отанға деген махаббатына да қатысты. Сондықтан кадр дайындау кезінде кәсіби қабілеттерді қалыптастырудан бөлек, мамандарды патриотизмге баулуды жолға қою керек.

Жоламанқызы Венера


Соңғы жаңалықтар