Полиция қызметкері мен жүргізушінің төбелесі интернетке тарап кетті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда полиция қызметкері мен жолдағы тәртіп бұзушының арасындағы жанжалды куәгерлер түсіріп алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға Жамбыл даңғылы мен Мәмбет батыр көшесінің қиылысында болған. Болған жағдайды куәгерлер түсіріп алып, әлеуметтік желіде таратқан.

«Бағдаршамның істен шығуына байланысты көлік кептелісі басталған. Жүргізушілер айқайласып, оның соңы төбелеске ұласқан. Тәртіп орнату үшін оқиға орнына Тараз қалалық ІІД Жол патрульдік полициясының инспекторы келген. Жол қозғалысын реттеу кезінде көліктердің біріндегі жолаушы салоннан шығып, былапыт сөздер айтқан. Жол-патрульдік полициясы батальонының қызметкері қызметтік әдепті ұстанып, бірнеше рет жол қозғалысын қамтамасыз етуге кедергі келтіретін әрекеттерін тоқтатуын талап еткен», - деп атап өтті ведомстводан.

Бірақ, жүргізуші полицейдің сөзіне құлақ аспай, қатты қарсылық танытқан. Кейін оған күш көрсетпек болып, тәртіп сақшысының  жағасынан алған.

«Полиция қызметкері азаматты тоқтату мақсатында «Құқық қорғау қызметі туралы» ҚР Заңының 60-бабына сәйкес, самбо қолдануға мәжбүр болады. Инспекторлар қоғамдық тәртіп бұзушыны ұстап, облыс орталығындағы бөлімшеге жеткізген», - деп хабарлады ІІД.

Департаментте атап өткендей, полиция учаскесінде азамат өз кінәсін толық мойындап, өзін-өзі ұстай алмай қалғанын айтқан. Ол полиция қызметкерінен дөрекі әрекеті үшін кешірім сұрады. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. 

Соңғы жаңалықтар