Полиция қызметкері көліктердегі медициналық көмек қобдишасының құрамын тексермейді - ҚР ІІМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Полиция қызметкері көліктердегі медициналық көмек қобдишасының ішіндегі дәрілік заттардың құрамын тексермейді. Бұл туралы бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметіндегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жаңа редакциясының негізгі қағидалары туралы» атты брифингте ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха мәлім етті.

«Өткен жылдың соңында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық көмек қобдишасының құрамын қайта қарастырды. Бұл тек осы ведомствоға қатысты мәселе. Ал біз Әкімшілік Кодекске және ережеге сәйкес көлікте медициналық көмек қобдишасының болуын тексереміз. Бірақ осы қобдишада қандай дәрілік заттар сақталып жатқандығына қарамаймыз, бұл тұрғыда полицейдің жалғыз мақсаты қобдишаның автокөлікте міндетті болуына мән беру», - деді комитет басшысы. Бұдан бөлек, ол полиция қызметкерлері көліктерді қандай жағдайда тоқтатандығы мәселесіне тоқталды. «Көлікті тоқтату жағдайлары жол қозғалысы туралы заңнамада нақты көрсетілген. Атап айтқанда, көліктерді себепсіз тоқтатуға түбегейлі тыйым салынған. Егер тоқтатын болса, полицей міндетті түрде бұл әрекетінің себебін түсіндіруі тиіс», - деп түйді И.Лепеха. Айта кетейік, 2015 жылғы 11 қаңтарға дейін қазақстандықтар автокөліктерінің алғашқы медициналық көмек қобдишасының жаңа құрамын Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығына сәйкес жаңартуы қажет, деп хабарлады ҚР ДСӘДМ. Автомобильдегі алғашқы медициналық көмек қобдишасының жаңа құрамына кіргендер: сутегі тотығының 3% ерітіндісі (1 флакон), зарарсыздандырылған дәке бинті 5м *10 см (1 дана), зарарсыздандырылмаған дәке бинті 5м *10 см (1 дана), зарарсыздандырылмаған дәке бинті 7м *14 см (1 дана), зарарсыздандырылған медициналық дәке салфеткалар (1 дана), зарарсыздандырылған таңу пакеті (1 дана), зарарсыздандырылған медициналық гигроскопиялық мақта 50 г. (1 дана), қан тоқтатқыш жгут (1 дана), бактерицидті лейкопластырь (5 дана), медициналық лейкопластырь (1 дана), эластикалық түтікшелі бинт № 1, 3, 6 (бір бірден), зарарсыздандырылмаған медициналық қолғаптар (1 жұп), доғал ұшты қайшылар (1 дана). Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылғы 18 қарашада «Автомобильдегі алғашқы медициналық көмек қобдишасының дәрілік заттары мен медициналық мақсаттағы бұйымдарының тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2014 жылғы 2 шілдедегі № 368 бұйрығына өзгерістер енгізілген.

Соңғы жаңалықтар