Полиция қызметінде жол қозғалысын реттейтін таяқшаның пайда болғанына ғасырдан асқан

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің музейінде жол қозғалысын реттейтін таяқшаның сан алуан түрі сақталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Мемавтоинспекцияға арналған стендтің сөресіне таяқшаның 4 түрі қойылған. Көзге қарапайым көрінгенімен, полицияның көмекші құралдарының тарихы бай. Оны қолданысқа алғаш рет Санкт-Петербор полицейлері 102 жыл бұрын енгізген екен.

«Ол кездегі таяқшалар бүгінгіден өзгешелеу болған, бірінші ерекшелігі – ұзындығы шамамен бір метрге жеткен. Түсі – ақ, оның көмегімен екі белгі берілетін: экипажға нұсқау арқылы тоқтату және таяқты жоғары көтеріп, барлық жол қозғалысына қатысушыларды тоқтату», - дейді музей меңгерушісі Любовь Осинская.

Кеңестік дәуірде таяқтың түсі қызылға өзгерді, бұл оның жақсы көрінуі үшін жасалды. Алайда, кейін тәжірибе барысында адам ақ пен қара түстің үйлесімін жарық мөлшеріне қарамастан жақсы көретіндігі анықталды. Жеті жыл бойы қолданыста болмаған таяқшалар 1939 жылдың басында ақ-қара түспен қайтарылды.

«1963 жылы таяқшалар екінші рет қолданыстан алынды. Алайда, алты жылдан кейін көліктердің легі өсіп, МАИ қызметі жаңартылды және таяқшалар қолданысқа қайтарылды. Оның бұрынғылардан тек тамшы тәріздес түрі ғана өзгеше болды. Дәл осы таяқша Петропавл жолдарында алғаш рет пайдалана бастады», - дейді Любовь Осинская.

Кейін таяқшаның негізі ағаштан пластикке алмастырылды, жарықтандыру, жарық шағылыстырғыш бояулар пайдаланылды. Пішіні де қайтадан цилиндрлі болды. Қолданыстағы жарығы бар қызыл таяқша бүгінгі күнге жетілдіріліп жеткен үздік үлгісі.

Музей қызметкерінің сөзіне қарағанда, ұзақ уақыт бойы қарапайым таяқшалармен қатар, қолданыста катафоттармен жабдықталған дискілі таяқшалар болған. Алайда оны көпшілік біле бермейді. Ал Екінші Дүниежүзілік соғыс кезеңінің суреттерінде шинель киген қыздардың әскери колонналарды жалаушалардың көмегімен реттегенін көруге болады.

«Жол қозғалысын реттеу құралдары сан алуан болған. Бірақ көрсетілетін белгілердің саны бір ғасырдың ішінде айтарлықтай көбейген жоқ, олар үшеу - «Назар аудар», «оңға қарай жүру» және «барлық бағытқа жүру». Өкінішке орай, жол қозғалысына қатысушылардың барлығы дерлік аталған белгілерге ден қоя бермейді», - дейді Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальоны бастығының міндетін атқарушы Қанат Әлімжанов.

1 қыркүйектен полицейлер жолдағы қозғалысты қайтадан таяқшамен реттеуге көшті. Таяқшалардың көмегіне тәртіп сақшылары үш жағдайда: бағдаршам істен шыққанда, көлік кептелісі болғанда және жол-көлік оқиғасы кезінде жүгінеді. Полицейлер жүргізушілерді және жаяу жүргіншілерді реттеушінің белгілерін жетік білу қажеттігін ескертеді.

Соңғы жаңалықтар