Полиция «қамқорлық» жасаған: Темір жолдарды жөндеу кезінде 127 млн теңге ұрланды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен Көліктегі департаменттің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы 2 жыл бойы темір жолдардың жағдайын жақсартуға арналған материалдарды ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты әшкереледі.

Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан ақпараттарға қарағанда, тергеу пікірінше, ұрланған төсемдер, шпалдар, рельстер және басқа да тауарлар жарамсыз немесе белгілі бір ақаулары бар жол төсемінің жоғарғы құрылымының бөліктерімен ауыстырылды деп жалған мәлімет арқылы есептен шығарылған.

Қылмыстық топқа «ҚТЖ «ҰК» АҚ-ы Қарағанды бөлімшесінің 17 қазіргі және бұрынғы жұмысшылары тартылған. Оларға полиция қызметкері қамқорлық жасаған.

Алдын-ала есептелген шығын 127 млн теңгеден астам сомаға бағаланды, бұл 800 тоннаға жуық материалдар.

Бүгінгі таңда ұрланған тауарлардың көпшілігін сатып алушылары мен орналасқан жерлері, сондай-ақ оларды тасымалдайтын жүк көліктері анықталды.

Соттың санкциясымен Жаңаарқа жол дистанциясының учаске бастығы және оның орынбасары, сондай-ақ желілік полиция бөлімшесінің бастығы тергеу изоляторына қамалды.

«Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабының сәйкес жариялануға жатпайды»,-делінген Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар