Полиция еліміздің қаржы нарығына қатысты жалған ақпарат таратушыларды іздеп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -Қазақстанның қаржы нарығына қатысты жалған ақпарат таратқандар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы уақытта интернет кеңістігінде және әлеуметтік желіде шындыққа жанаспайтын түрлі ақпараттар тарап жатыр. Оның ішінде Қазақстанда жаңа валютаның енгізілетіндігіне, жекелеген банктердегі депозиттерден қаражаттардың жаппай алуына қатысты ақпараттар бар. Осыған орай еліміздің Ішкі істер министрлігі мұндай жалған ақпарат таратқандар ҚР Қылмыстық кодексінің 274 бабына сәйкес жауапқа тартылып, қоғамдық жұмыстарға тартыла отырып, түзеу жұмыстарына жегіледі немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылатындықтарын ескертеді.

"Аталған фактілер бойынша Ішкі істер министрлігі кінәлі тұлғаларды анықтау және оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдап жатыр", - деп атап өтеді министрліктен.

2014 жылғы 3 шілдеде қабылданған ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабының 1-тармағына сәйкес қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату - бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2-тармаққа сәйкес, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып; бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет - үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3-тармаққа сәйкес осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтіруге немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер - бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Соңғы жаңалықтар