Полиция департаментінің бастығы жас отбасыларды құттықтады - Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Отбасы күнін мерекелеу қарсаңында Ақмола облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин қызметтік міндеттерді орындау кезінде ерекшеленген полиция қызметкерлерінің ата-аналарымен және жас полиция отбасыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара карантиндік шараларды сақтай отырып өтті.

«Әрбір адамның өмірінде ата-аналар үлкен рөл атқарады. Балалардың жетістіктерге жетуі оларды лайықты және дұрыс тәрбиелеген ата-аналарға байланысты», – деп атап өтті Арманбек Баймурзин.

Ведомство басшысы қонақтарға алғыс хаттар табыс етті. Полицейлердің ата-аналарына балаларының ерлік істері мен жақсы жұмысы туралы бейнесюжеттер көрсетілді.

Мәселен, полиция капитаны Аян Оспанов бөтеннің пәтерін тонамақ болған қаскүнемді қолға түсірді. Ол көзіне бұрыш спрейін шашқанына қарамастан қарақшыға қарсы тұра алды. Өрт сөндірушілер келгенге дейін полиция аға лейтенанты Бауыржан Өмірзақов әріптестерімен бірге жанып жатқан дәмханадан газ баллонын алып шықты. Полиция мен Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің шебер және үйлесімді әрекеттерінің арқасында ешкім зардап шеккен жоқ. Учаскелік инспектор полиция лейтенанты Данияр Советовтің адал қызметі туралы жергілікті тұрғындар жылы лебіздерін білдіруде.

Іс-шараға Полиция департаментінің қызметкерлері - Балтабековтер, Қуат және Жұмабековтер отбасылары шақырылды.

«Отбасы - бұл ең үлкен бақыт. Бұл жаңа өмірдің бастауы, ұрпақ жалғасы және дәстүрлерді құрметтеу. Қоғамның алтын діңгегі - жаңа отбасылар пайда болып, құрылғаны біздерді қуантады. Сіздерге зор денсаулық, бақыт және амандық тілеймін», - деп атап өтті департамент бастығы Арманбек Баймурзин.

Кездесу соңында іс-шара қонақтары полиция департаментінің мұражайына барып, полиция ведомствосының тарихымен танысты.


Соңғы жаңалықтар