Полиция департаментіне жаңа ғимараттың орнын белгілеудеміз – Көлгінов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алдағы 1-1,5 жыл ішінде елордалық полиция департаменті жаңа ғимаратқа көшеді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Полиция департаментінің ғимараты туралы айтар болсақ. Мен осы жерге 15 жыл бұрын жұмыс бабымен келгем. Ол кезде үлкен зал сияқты көрінетін, енді қазір қарасам ауыстыратын жағдайға жетіпті. Біз қазір ақылдасып жатырмыз, жаңадан полиция ғимаратын іздеп, орнын белгілеудеміз. Бұл туралы мен Президентке де, Премьер-министрге де баяндадым. Сондықтан сіздерге біз жаңа ғимаратты қарастырып жатырмыз. Біз оны жасаймыз, ол үшін уақыт керек, мүмкін 1 жыл, мүмкін 1,5 жыл. Себебі тәртіп сақшыларына жағдай жасаудың қатарына осы ғимаратта кіреді, өйткені бұл күнде келетін жұмыс орындарыңыз», - деді А.Көлгінов елордалық полицейлерді келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтай отырып.

Сондай-ақ, қала басшысы елорданың аудандық полиция басқармаларының жағдайына тоқталып өтті.

«Аудандар бойынша айтсақ, Есіл ауданында полиция басқармасын жасадық. Біздегі кезек күттірмей шешілуі тиіс ол Сарыарқа аудандық полиция басқармасы. Оның жағдайын мен білемін. Егер сіздерге жаңа ғимарат берілсе, осы жерге Сарыарқа аудандық полиция басқармасы келу керек. Байқоңыр ауданы бойынша осы желтоқсан айында шешіледі. Яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментін басқа жаққа көшіріп оны Байқоңыр аудандық полиция басқармасына беру туралы шешім қабылдадым», - дейді ол.

Айта кетсек, бүгін А. Көлгінов тәуелсіздік мерекесіне орай 135 астаналық тәртіп сақшысын марапаттады.

Еске сала кетсек, өткен жылы «Ramada Plaza» қонақ үй кешеніне қалалық полиция департаментінің қызметкерлері баратыны хабарланған болатын.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елорданың полицейлеріне тапсырылған «Ramada Plaza» қонақ үй кешені Қаржы министрлігінің балансына берілді.

Ал күні кеше ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов аталған қонақ үйдің ашық саудаға шығарылатынын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар