Полиция Арман Құдайбергеновтің неге бостандықта жүргенін түсіндірді - сот отырысы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша басты сот талқылауы жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

Сот отырысында Денис Теннің өліміне күдікті Арман Құдайбергеновтың осыған дейінгі ұрлық жасаған қылмысы бойынша бірнеше куəгердің жауабы тыңдалды.

Айта кетерлігі, бұған дейін Арман Құдайбергеновтің ҚР ҚК 188-бабы бойынша ұрлық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылғаны туралы жазған болатынбыз.

Атап айтқанда, Арман Құдайбергенов Денис Теннің өлімінен бұрын астана қаласында ұрлық жасап, ұсталған. Осыған байланысты айнасы ұрланған көліктің иесі, жəбірленуші Сапар Шəмшиевтің түсіндірмесі тыңдалды.

Ал сот барысында полиция қызметкері Нұрғиса Сағындықов Астана қаласынан онлайн режимде түсініктеме берді.

«2018 жылдың 11 шілдесінде қызмет барысында таңғы сағат 4-те Арман Құдайбергенов қылмыс жасау кезінде ұсталды. Күдіктіні тінту барысында оның пакетінен Lexus көлігінің екі айнасы табылды. Сонымен қатар, қолындағы борсеткадан кемпірауыз (плоскогубцы, шестиграннники) алты қырлы кілт табылды. Қайдан алдың деген сұраққа қоқыс жəшігінің қасынан таптым деп жауап берді. Сосын біз өзіміз патруль жасайтын аймақтан айнасы ұрланған көліктерді іздестіре бастадық. Сосын қаладағы Күйші Дина көшесіндегі Lexus 570 маркалі көлігінің айнасы екенін анықтадық, иесін таптық. Сосын бұл дерек бойынша барлық істі рəсімдеп, күдікті Алмалы аудандық ІІБ жеткізілді»,- деді полиция старшинасы Нұрғиса Сағындықов.

Ал жəбірленуші Сапар Шəмшиевке полиция бұл істің жеделдетілген қарқында қаралатынын айтып, бір апта ішінде хабарласамыз деп уəде берген. Сапар Шәмшиев өзіне 400 мың теңге материалдық шығын келтірді деп арызданған. Осы уақытқа дейін ол шығын өтелмеген.

«Мен мұндай қылмыскерлер бостандықта болмауы керек деп санаймын. Ондай адамдарды қоғамнан алшақтату керек. Оның бостандықта жүргенін бір аптадан соң БАҚ арқылы білдім. Шынымды айтсам, ол қалай бостандықта жүр деп таңғалдым»,- деді Сапар Шəмшиев.

Жəбірленуші 400 мың теңге көлеміндегі шығынды қайдан алғанын нақтылай алмады. Судья Кеңшілік Əбілдинов Сапар Шəмшиевтен моральдық, материалдық шығын көлемін қайта қарап негіздеуді тапсырды.

Бұдан бөлек, сот алдында сол кезде полиция аға лейтенанты болған, қазіргі жекеменшік компанияның заңгері Фарида Разбекова жауап берді.

«Арман Құдайбергенов ісі маған көлік айнасының ұрлығы бойынша түсті. Ол өз кінəсін толық мойындады. Одан сұрақ-жауап алынды. Оған қатысты мəжбүрлеу шарасы қабылданды. Оны (Құдайбергеновты) міндетті түрде полиция қызметкерінің қатысуымен келуі талап етілді. Ол істі жеделдетілген түрде қарау туралы өтініш түсірді», -деді Фариза Разбекова.

Сот отырысында қорғаушы тараптан қылмысы дәлелденген азаматтың неге бостандықта жүргенін сұралды.

Бұған Фариза Разбекова: «Ол өзі мекенжайын көрсетті. Бұрын істі болғанмен, ол жазасын толық өтеген. Ұрлаған мүлкін ерікті түрде қайтарды. Бұл шешімімді бөлім басшысы Шериаздановпен ауызша келісім жасадым. Оның үстіне ол жеңіл қылмыс жасаған», - деп жауап берді.

Еске салсақ, Денис Тенді биыл 19 шілдеде Алматы қаласында белгісіз біреулер пышақтап кеткен еді. Ауыр халде ауруханаға жеткізілген спортшы көз жұмған болатын.

Денис Теннің өліміне қатысты қылмыстық ісқозғалып, күдіктілер іздестірілді. Елбасы Денис Тенге қатысты қылмысты мұқият тексеруді тапсырды. Кейін ҚР ІІМ күдіктілердің ұсталғанын жария етті. Ал, қыркүйек айының соңында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов аталмыш қылмыстық істің тергелуіне қатысты мәлімет берген болатын.

25 желтоқсанда Алматы қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған сотта белгілі спортшының өлімі бойынша алдын ала сот тыңдалымы өткен болатын.

Соңғы жаңалықтар