Полиция адвокат Айман Омарованың көлігінің өртенуіне қатысты тексеру жүргізіп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда танымал адвокат Айман Омарованың көлігі өртеніп кетті. Полиция бұл дерекке қатысты тексеруді бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 18 мамыр күні Медеу ауданындағы әл-Фараби көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысында болған.

Айман Омарова Facebook парақшасында көліктің тежегіші істен шыққанын жазды.

Қалалық төтенше жағдай департаментінің өкілдері оқиға орнына 7 минутта жеткен.

«Өрт сөндірушілер 22.00 келгенде «Lexus-350» көлігі өртеніп жатқан. Тілсіз жау 2 шаршы метрді шарпыған. Өрт 22:04-те ауыздықталып, 22:07 де толық сөндірілді. Өрттен жапа шеккендер жоқ», - деп мәлім етті ТЖД баспасөз қызметі.

Қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша ҚР ҚК 202-бабының 2-бөлімімен қылмыстық іс қозғады.

«Қылмыстық іс өндірісі Медеу аудандық полиция басқармасына берілді. Өрт бойынша техникалық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысынан кейін өрттің неден шыққаны анықталады», - деді полиция.


Соңғы жаңалықтар