Полицейлерге итін айтақтаған тұрғын қылмыстық жазаға тартылатын болды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Талғар ауданына қарасты Кеңдала ауылының тұрғыны полиция қызметкерлеріне итін айтақтады. Енді ол бұл әрекеті үшін қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 40 жастағы ауыл тұрғыны үйінде шу шығарған. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары ішімдік ішіп алған азаматты тыныштандырмақ болған. Алайда ол байлаулы тұрған «алабай» тұқымды итін босатып, полицейлерге қарай айтақтаған. Қауіпсіздік мақсатында тәртіп сақшылары итке оқ атып, жаралауға мәжбүр болды.

"Осы сәтте бұзақы полиция қызметкерлерінен қашып, жасырынып үлгерді. Бірнеше күннен кейін иттің иесі табылып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталып, күдікті Талғардың уақытша оқшаулау изоляторына қамауға алынды", деп мәлімдеді аталған ведомство өкілдері.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері тәртіп сақшыларына ит айтақтау фактісі екінші рет тіркеліп отыр. Текелі қаласының тұрғыны да итін полицейлерге жіберіп, ізін суытпақ болған. Бұзақы ұсталып, қылмыстық жазаға тартылды.

Соңғы жаңалықтар