Полицейлерге алатаяқ қайтарылмайды - ҚР ІІМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жол қиылыстарында қозғалысты реттейтін полицейлерге алатаяқтарды қайтару туралы ұсыныс енгізілген жоқ. ҚР Ішкі істер министрлігі «ҚазАқпарат» агенттігінің жолдаған сауалына осылай жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ішкі істер органдарының жұмысында таяқшаны (жезл) қайтару бойынша ұсыныс енгізілмеген және қарастырылмаған. Осы орайда реттеушінің жолда  көрінуін жақсарту мақсатында жарық шағылыстыратын нысанды күртешелер мен қолғаптардың жаңа үлгілері әзірленді. Жаңа үлгілермен жол-патрульдік полициясы қызметкерлері кезең-кезеңмен жабдықталатын болады. Қазіргі уақытта жол-патрульдік полициясы қызметкерлері үшін жарық шағылыстыратын 5 мың қолғап пен манжет сатып алынды», - деп атап өтілген ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің мәліметінде. 

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап ішкі істер органдарының қызметкерлері көліктерді тоқтату үшін арнайы таяқша қолданбай келеді. 2017 жылға дейін қолданылып келген полицейлердің алатаяқтары жинақталып, арнайы сақтау үшін қоймаларға жіберілген.

Атап айтқанда, биыл көктемде ҚР Парламенті Сенатындағы парламенттік тыңдауда көше қиылысында қозғалысты реттейтін полицейлерге алатаяқтарды қайтарып беру ұсынысы айтылған еді. Әсіресе, бұл алатаяқтардың түнгі уақытта қажеттігі сөз болды.

Соңғы жаңалықтар