Полицейлерді аттестациялау: Бірінші басшылардың 60 пайызы ауысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев полицейлерді кезектен тыс аттестациялаудың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, 17 қазан мен 1 қараша аралығында ішкі істер органдарының басшылары кезектен тыс аттестациялаудан өтті. Басты мақсат – басшылардың мәдени және құқықтық сауатын анықтау, азаматтармен жұмыс жүргізу деңгейін анықтау, сервистік полицияға өту үшін олардың дайындығын тексеру, басшылық құрамды іріктеп, кадрлық резервті жасақтау, қызметіне сай келмейтін басшыларды орнынан босату. Аттестация кезінде Президент Әкімшілігі басшысының өзі төрағалық жасады», - деді Ерлан Тұрғымбаев ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, кезектен тыс аттестациядан комитет төрағалары, департамент басшылары, оқу орындарының басшылары және олардың орынбасарлары өткен.

«Аттестация уақыты сәуір айынан қазан айына өзгерген болатын. Осы уақыт аралығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат шеңберінде бірқатар басшылар ауысты. Қорытынды бойынша Бірінші басшылардың 60 пайызы ауысты. Барлығы - 21 басшы. Орталық аппарат – 12, облыс басшылары – 9. Олар – Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, СҚО облыстарындағы департаменттер мен Көліктегі полиция департамент басшылары. Сонымен қатар, орталық аппараттан 15 орынбасар, аймақтарда бастықтардың 25 орынбасары ауысты. Оқу орындарының басшылары 40 пайызға өзгерді. Оның төртеуі – бірінші басшылар, алтауы – орынбасарлар», - деді министр.

Еске сала кетсек, Қазақстанда полиция қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау 2019 жылғы 1 қазанда басталатыны бұған дейін хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар