Полицейлер сұңқарды заңсыз алып жүрген алматылық жүргізушіні ұстады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Талғар ауданының полицейлері сұңқар тектес жыртқыш құсты заңсыз алып жүрген алматылық жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды құс тәркіленіп, Алматы қаласының хайуанаттар бағына табысталған.

«Алматы облысы аумағында жүргізілген «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Талғар ауданының тәртіп сақшылары арнайы рейд жүргізіп, Алматы қаласының 23 жастағы тұрғыны көлігінде өте сирек кездесетін жыртқыш құсты ешқандай рұқсатсыз әкеле жатқанын анықтаған.

Тұқымы жоғалу қаупі төнген құстың сұңқар екені дәлелденіп, ол бірден хайуанаттар бағындағы тиісті мамандардың қолына тапсырылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде күдіктінің айтқан дәйектері тексерілетін болады. Күдікті мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды«,- деді Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Ерлан Қожақов.


Тергеу барысында күдікті айтқан дәйектер бойынша ол Алматы маңындағы туыстарының үйіне қонаққа барған. Сол кезде аула маңынан ұша алмайтын құсты көріп, жыртқыш екенін түсінген. Жаралы құсты сол үйдің қорасына қамап, ғаламтордан қарап, емдеуге тырысқан. Келесі күні қайта оралып, елдімекеннен ұшырып жібергісі келгенде тәртіп сақшылары ұстап алған.

Қазір тергеу жалғасуда. Тәртіп сақшылары күдіктінің құсты қайдан алғанын және оны қайда апара жатқанын анықтайтын болады.


Соңғы жаңалықтар