Полицейлер спорттық бәстің «болжамдарын» саудалап келген алаяқты ұстады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Астананың полицейлері спорттық бәстің болжамдарын саудалап келген алаяқты ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Жас жігіт Инстаграм желісінде парақша ашып, спорт сайыстарына бәс тігуге болжам жасайтынын хабарлаған. Көпшілікті қызықтыру үшін сәтті шыққан букмекерлік бәстің құжаттары мен ұтыс ақшаларының суреттін жүктеген.

Дауысынан танып, ұсталып қалмас үшін ақша алған адамдарға түрлі сылтау айтып, WhatsApp мессенджерінде тек жазумен ғана байланысқа шығып келген.

Жазысу барысында жалған ұтыстармен қызықтырып, 100 пайыз табыс табатынына сендіріп, QIWI-әмиянына ақысы үшін ақша аудартуға көндірген. Ақша аударылғаннан кейін алаяқ жәбірленушінің нөмірін бұғаттап тастап отырған.

Қазіргі уақытта ұсталған күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті интернет тұтынушыларына алаяқтардың арбауына түсіп қалмас үшін сақ болуға шақырады. Егер осындай айладан зардап шеккен жағдайда Бейбітшілік көшесіндегі 19 ғимаратқа немесе 71-60-10, 71-63-35 және 102 телефондарына қоңырау шалу қажет.

Соңғы жаңалықтар