Полицейлер оқушыларды тасымалдайтын жүргізушілерді тәртіпке шақырды - Түркістан облысы

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында ПД Жергілікті полиция қызметінің тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізуде. Олар аудан-қалалардың оқу орындарында және оған іргелес аумақтарда көше-жол желілерінің және техникалық құралдарының жағдайын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төлеби ауданы, Ленгір қаласында орналасқан №7 мамандандырылған лицейінде білім беру ұйымдарының және автокөлік кәсіпорындарының қатысуымен жиын өткізілді. Кеңеске ұстаздар мен ата-аналар, оқушыларды тасымалдайтын көліктердің жүргізушілері қатысты. Басқосуда балалар топтарын ұйымдастырылған түрде, кемінде екі есігі бар әрі техникалық жағдайы уәкілетті органмен бекітілген ережеге сай тасымалдау керектігі ескертілді. Жолаушыларды және багажды тасымалдау ережелерінде белгіленген талаптарға жауап беретін автобустармен жүзеге асыратыны, автобустар сары түсті жарқылдауық маякпен жабдықталатындығы жіті түсіндірілді. Сондай-ақ, бұл автобустардың алды және артқы бөліктеріне «Балалар тасымалы» деген таным белгісі орнатылу қажет екендігі айтылды. Сонымен қатар, бүлдіршіндер мен оқушыларды жасы кемінде 25-тен асатын, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі және кемінде 5 жыл еңбек өтілі бар жүргізушілердің тасымалдауына рұқсат етілетіндігі айтылды. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар бақылауға алынып, балаларды тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері күн тәртібінен түспейтіні жеткізілді.

Соңғы жаңалықтар