Полицейлер Алматыдағы көлік тонаушылар туралы айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда биыл автокөлік тонаған 165 адам ұсталған. Бұл туралы қалалық ІІД өткен брифингте Бөтеннің мүлкін ұрлауды әшкерелеу бөлімінің басшысы Алексей Стрельцов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полицияның хабарлауынша, ұсталған адамдардың 99% жұмыссыздар екен.

«165 адамның ішінен 73 адам - Алматыға сырттан келгендер. Бұл жалпы алғанда қылмыскерлердің 44 пайызы. Қалған адамдар да Алматыға сырттан келіп, уақытша тіркелген адамдар болуы мүмкін. Негізінен мұндай қылмысты сырттан келгендер жасайды», - деді А. Стрельцов.

Полицияның мәліметінше, негізінен Алмалы, Әуезов, Бостандық аудандарында көлік тонау оқиғалары жиі кездеседі.

Негізінен мұндай қылмыстар күндізгі сағат 16:00-22:00 арасында жасалады.

2018 жылдың басынан бері Алматыда 1688 көлік тонау дерегі кездескен. Былтыр 2310 қылмыс тіркелген. 248 қылмыстық іс қаралған. Ал қылмыстардың ашылу көрсеткіші 15,8 пайыздан 18,8 пайызға артқан.

Айта кетсек, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 

2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды. 

Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Бүгін белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар екі күдіктінің бірі ұсталып, ол қылмысын мойындады. Екінші күдікті - 1994 жылы туған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тумасы Арман Құдайбергеновке іздеу жарияланды.

Соңғы жаңалықтар