Полицейлер Алматы облысының жолдарында кезекшілікті күшейтті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының тәртіп сақшылары «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасын ұйымдастырып, барлық автожолдарда патрульдеу жұмыстарын күшейтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шараның негізгі мақсаты - облыс жолдарында көлік апаттарына себепші болып жататын қауіп-қатерлердің алу. Барлық көлік иелерін қозғалыс қауіпсіздігінің талаптарын қатаң сақтауға шақыру және жол ережесін бұзудың соңы қайғылы жағдайларға әкеп соғатынын еске салу. Аталған іс-шара барысында өңірде әртүрлі акциялар ұйымдастырылуда. Мысалы, «Жылдамдық марафоны», «Жолдағы қабылдау», «Мас жүргізуші» және т.б. сынды шаралар жол-көлік жарақаттарының алдын алуға бағытталған»,- деп мәлімдеді Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жыл басынан бері облыстағы жолдарда 100 адам қайтыс болып, 700-ден астам адам әртүрлі дене жарақаттарын алған. Облыстағы барлық жол-көлік оқиғалардың 73 пайызы жергілікті маңызы бар жолдар мен көшелерде орын алса, қалған 27 пайызы республикалық жолдарда тіркелген.

«Біз жүргізген талдауға сәйкес, ең негізгі тәртіп бұзушылықтар - жылдамдық режимін сақтамау, жолдың қарсы бағытына шығу және жол жүру ережелерін жаяу жүргіншілердің өрескел бұзуы. Біз, өз кезегімізде, қоғам назарын осы проблемаға аударуды қажет деп санаймыз. Өз қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын елемегендіктен бейбіт күні адамдар қайтыс болып жатыр»,- деп атап өтті полиция өкілдері.

Айта кетейік, алдын алу іс-шарасы өңірде 15 сәуірге дейін жалғасады. Полицейлер ұйымдастырылатын түрлі іс-шараларға байланысты олардың әрекеттеріне түсіністікпен қарауды және мүмкіндігінше қолдау көрсетуді сұрайды.

«Соңғы бір күн ішінде темір тұлпарды мас күйінде тізгіндеген 13 жүргізуші ұсталды. Әр дерек бойынша оларды қатаң жауапқа тарту туралы әкімшілік хаттама толтырылды. Жол жүру ережесін ескермей, өрескел бұзған жаяу жүргіншілер де жауапқа тартылады. Кеше 30 жаяу жүргіншіге хаттама толтырылған»,- деп толықтырды облыстық полицияның баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар